Рамзан Қадыровтың анасы украин өңіріне сіңірген еңбегі үшін орден алды

Шешенстан басшысының анасы Аймани Қадырова Украинаның Херсон облысына сіңірген еңбегі үшін орден алды. Бұл туралы шешен үкіметінің басшысы Магомед Даудов хабарлады.
Оның айтуынша, Рамзан Қадыровтың анасына орденді Херсон облысының Ресей тағайындаған губернаторы тапсырған. 72 жастағы Аймани мұндай марапатты «өңір аумағындағы әскери операция кезінде әскери бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін» алған.
РБК мәліметінше, 2022 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қадыроваға «қоғамдық белсенді жұмысы үшін» орден таққан. Сол жылы шешен президентінің анасы әлемдік қауымдастық мойындамаған ДХР-дің «Достық» орденімен марапатталған.
Ресей әскері Украинаның Херсон облысы аумағына 2022 жылғы ақпанда басып кіріп, наурызда Херсон қаласын алған. Алайда украин күштері сол жылы күзде қаланы азат еткен.
Бұған дейін Kursiv.Media Рамзан Қадыровтың Түркияда демалып жүрген уақытта суға батып кете жаздағанын жазған.
Бір ай бұрын Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Қадыровтың ұлының үйлену тойына барған.