Берденов ісі бойынша айыпталушы Ернар Жиембай қысым көргенін мәлімдеді

Жарияланды
Берденов ісі бойынша айыпталушы Жиембай қысым көргенін мәлімдеді/Фото: Дилара Иса

Ернар Жиембай ұсталған кезде соққыға жығылғанын және тергеу кезінде қысым жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол 6 тамыз күні өткен басты сот талқылауында берген жауабында айтты.

Айыпталушының сөзінше, Берденовті қорқыту мақсатында оқ атып, жаралағаннан соң, оған қолының ұшын да тигізбеген. Берденовтің көлік жүргізушісі көлігімен қағып құлатқанда да, ұстағанда да қашуға әрекет жасамаған. Полицияға ерікті түрде берілген. Бірақ оны ұстағанда күш қолданып, соққыға жыққан.

«Көлік жүргізушісі екеуміз ұстасамыз. Ол кісі мені құлатамын деп жатыр. Ешқайда қашу ойым жоқ. Сол кезде екінші адам келді де әкімдік ғимаратына қарай жақындаты. Мойнымнан қылқындырды, жерге құлатты, жатқызды да қолыма кісен салды. Адамдар жиналды. Басымнан, бүйрегімнен тепті. Бір кісілер басын көтер деді. Көтерді, қайта жерге тастап жатыр. «Бұл әкімдікке келіп күш көрсететін кім? Мұны көрсеткіш ретінде әкімдер мен әкімнің орынбасарларына енді ешкім жоламауы, елге сабақ болуы үшін өмір бойына қамау керек» деді. Бір кісі келді де басын көтерші деді. Қайта тастағанда құладым. «Барынша сындырыңдар» деді. Басымнан теуіп, арқамнан ұрып жатқан кезде «Бұл кісі отбасымды бұзды. Мені өлтіріп тастай салыңдар» деп айқайладым», – деді жәбірленуші.

Сотта айыпталушының қоғамдық қорғаушысы деп танылған Жиембайдың әкесі де ұстау кезінде ұлының басы жарылғанын айтты.

Сонымен бірге сот тергеуінде айыпталушы оқиға болатын күні ішімдік емес, қымыз ішкенін жеткізді. Сараптама қорытындысына сай ол оқ атқан кезде «жеңіл дәрежелі масаң күйде» болған.

Прокурор: «Тергеу кезінде ішімдік ішкеніңізді мойындағансыз. Енді неге мойындамай отырсыз», – деді. Осы кезде Жиембай өзін қорқытқанын жеткізді.

«ОПЕР-лер (жедел-іздестіру қызметінің қызметкерлері – ред.) «Сені максимумға ұрамыз. Өмір бойына қамаласың» деді. Іштім деп айтсаң, жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралады деді. Мұндайды ешкімнің басына салмасын, дәл сол сәтте қатты қобалжу болды, өте қатты қобалжу», – деді ол.

Прокурор азаптау фактісі бойынша неге арыз жазбағанын сұрады. Жиембай:
«Мен ұсталдым. Санкциясыз үйіме кірген. Әйелімнің ұялы телефонын алып қойып, оған құқықтарын түсіндірмей қалалық полиция департаментіне алып барып, маған қарсы пікір бергізген» дей бергенде прокурор судьядан жауап беруді тоқтатуын сұрады.

«Іс материалдарында бұл құжаттар тіркелмеген. БАҚ өкілдерін жаңылыстырмауды сұраймын», – деді прокурор. Судья Абинұр Қарабаев «сотталушының өзі біледі» деп жауап берді. Жиембай әйелі кейіннен полицейлерге берген жауабын өзгерткенін жеткізді.

Айыпталушы сот тергеуі кезінде айыпты ішінара мойындаған. Айыпталушының әйелі іс бойынша куә ретінде танылған. Бұдан бұрын айыпталушы Берденов әйелінің әлеуметтік желідегі парақшасына лайк басып, «әдемі екенсің» деп жазғанын айтқан. Бұдан кейін ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс болған.

Ернар Жиембайдың ісі сотта Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) қаралып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз