«Кәлима айтып жатты»: Берденов ісі бойынша куәлерден жауап алына бастады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атты деген айып тағылған 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша куәлерден жауап алына бастады. Куәлердің ішінде Берденовке алғашқы көмек көрсеткен екі қыз және әкім орынбасарының көлік жүргізушісі де бар.
Берденовке «Өлтіремін» деп ұмтылды»
Іс бойынша куәлікке Арайлым Қамытбек шақырылды. Ол оқиға болған күні қала әкімдігінің автотұрағында құрбысымен бірге ТикТок-қа видео түсіріп отырған. Сол сәтте айыпталушы Ернар Жиембай көлігімен келіп тоқтағанын, ары-бері жүргенін көрген.
«Әкімдік ғимаратынан 2-3 адам шыға бастағанда оқ атылды. Бірінші оқ атылғанда полицияға хабарласып баяндадым. Сол баяндап жатқанда, тағы 3-4 рет оқ атылды. Ол кезде классикалық киім киген кісі (Берденовті айтады – ред. ) жүгіріп жүрді. Бұл кісі (Жиембайды айтады – ред.) артынан қуалап жүрді», – деді куәгер.
Оның сөзінше, Жиембайды Берденовтің жүргізушісі қағып құлатқан. Сол кезде құрбысы екеуі Берденовке көмек беруге жүгірген. Ал Жиембайды күштеп ұстап тұрса да, «Өлтіремін» деп Берденовке ұмтылған. Осы кезде полиция қызметкерлері жеткен.
«Өмірімде Берденовті танымағанмын, көрмегенмін. Оқиғадан кейін полиция оның кім екенін айтты. Атыс тоқтаған соң, құрбым оқиға орнына қарай жүгірді. Мен барғанда ол кісі «Берденовті айтады – ред.) басында жанымен, басы асфальтта жатты. Сосын артық қимыл жасаса көп қан жоғалтады деген оймен алдыма алдым. Құрбым жейдесін шешіп, басына қойды. Ол кісі көзін жұма бастады. Қимылдағанда жарақаты көрінді. Қан жоғалтпау үшін галстугін байлап қойған екен. Өзі кәлима айтып жатты», – деді куәгер.
Арайлым Қамытбектің айтуынша, құрбысы екеуі жараланған Берденовті жедел жәрдем қызметі алып кеткен соң жөніне кеткен. Ізінше полиция хабарласып, оқиғаға куә ретінде тіркеген. Куәгерлер денесіндегі қанды жуып, тазалау үшін дүкеннен су алып шыққанда полиция тағы хабарласқан. Кездескенде ұялы телефондарын алып, галереясын тексерген.
«Абдырап қалдым»
Айыпталушы оқ атқан сәтте автотұрақта көлік ішінде болған куәнің бірі – жәбірленуші Руслан Берденовтің көлік жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов. Ол жұмысынан алып кету үшін күтіп отырғанда оқ дауысы естілген.
«Шок болдым. Кішкене абдырап қалдым. Қайдан оқ шыққанын да түсінбедім. Есімді жиғанда мына кісінің (Ернар Жиемдайды айтады – ред.) көліктің сол жақ жанында оқ атып тұрғанын көрдім. Көлік өздігінен жүріп бара жатты. Бордюрге тіреліп тоқтады. Көліктен түссем екеуі жағаласып тұр екен. Көлікті қайта бұрып Жиембайды қақтым. Себебі Руслан Арысбекұлын өлтіріп қоя ма деген ой болды. Қаққан соң құлады да артқа қарай қашты. Ұстап, алыстық. Бұл кісіні өзге адамдар ұстағанда, Руслан Арысбекұлына жүгіріп бардым. Бірінші көргенім оң қолы қанап жатты. Көмектесіп, қанды тоқтатам деген ниетпен костюмін шештім. Көлікте артық киімім бар еді. Сонымен жарақатты бастым. Жедел жәрдем шақыруды өтінді, шақырдым», – дейді ол.
Қалымбетовтің сөзінше, Жиембайды соққан кезде қолында қару болмаған. Жиембайдың қорғаушысы айыптауда айыпталушының қылмыстық ойын соңына дейін жеткізуге көлік жүргізушісі кедергі болғаны жазылғанына тоқталды. Ол куәге: «Сіз автокөлікпен қаққан кезде жәбірленуші Берденовке қатысты әрекеттерін тоқтатқан ба еді? Оны сіз тоқтатты деп айта алмаймыз ғой», –деді. Куә «иә» деп жауап берді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкері Жанат Айтбаев та сот тергеуіне куә ретінде қатысты. Ол қала әкімдігі жанындағы аллеяда досымен кездескен уақытта әкімдік маңынан атыс даусын естіген. Бірден оқиға орнына қарай жүгірген. Оқиға орнына келгенде, Жиембай мен көлік жүргізушісі алысып жатқанына куә болған. Жиембайды ұстап, қолын қайырып, жерге жатқызғанда, әкімдік күзетшілері келген.
Айта кетейік, 2025 жылдың 6 тамызында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан 31 жасағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша сот тергеуін бастаған.
Жиембай бұл оқиғаға жұмыстың қатысы жоқ екенін, қызғаныш пен жәбірленушінің ар-намысына тиіп, «соттатамын» деп қысым жасағанын мәлімдеген. Ол Берденовті өлтіру ойы болмағанын жеркізді. Көп өтпей сотқа денсаулығына байланысты қатыса алмаған Берденов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Жиембайдың соттағы жауабын жоққа шығарып, мұны «қысым» әлі «манипуляция» деп бағалаған.
Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен.