
Елімізде 19 мыңға жуық адам Абай есімін арқалап жүр. Бұл ақпаратты Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда Абай есімді 18 763 адам бар. Бұл есім иелерінің басым бөлігі Астана қаласы (2 089 адам), Түркістан облысы (2 018) және Алматы қаласында (1 719) тұрады.
Абай есімді ең егде жастағы тұрғын 1932 жылы дүниеге келген. Бұл есім 30-34 жас аралығындағылар арасында көп тараған. Олардың саны – 3 228 адам. Биылдың өзінде жарты жылда туған 157 нәрестеге ақынның есімі берілген.
Тағы бір қызық дерек – бұл есім қыздарға да қойылған. Елімізде Абай есімді 10 әйел бар.
Ақынның құрметіне елімізде 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 26 ауылға ұлы тұлға есімі берілген екен.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Абайдың азан шақырып қойған аты – Ибраһим. Мамандар бұл есімнің қанша адамға берілгенін де нақтылған екен. Қазақстанда Ибраһим, Ибрагим, Ибрахим есімді 35 404 азамат бар.
Айта кетейік, 2022 жылы елімізде Абай облысы құрылды.