46 кеншінің қазасы: сот Qarmet өкіліне қатысты түпкілікті шешім шығарды

«Костенко» шахтасында 46 кенші қаза тапқан іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Істі қарап жатқан судья сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жүрген Qarmet компаниясының өкіліне қатысты түпкілікті шешім шығарды. Бір қызығы – Qarmet жәбірленуші деп танылмаған, алайда компания өкілін жәбірленуші деп тану туралы сотқа дейінгі тергеуде шығарылған қаулы бар.
46 кенші қаза тапты
Қайғылы жағдай 2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның (қазіргі Qarmet) көмір шахтасында болған. Салдарынан 46 адам қаза тапты. Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2025 жылдың 12 наурызында басталды.
Сотталушылар қатарында 10 адам бар. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған.
Істі судья Бахтияр Ақанов қарап жатыр.
Судьяны ауыстыруды сұрады
2025 жылдың шілдесіндегі сот отырысында сотталушылардың бірінің адвокаты Е.Тен судьяға қарсылық білдірді. Сот материалдарына сәйкес, судья қылмыстық іс материалдарының 104, 105, 106, 107, 108-томдарында келтірілген дәлелдерді дәлел ретінде тануға жол бермеу қажет деген өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Содан кейін адвокат судьяны істен шеттету туралы өтінішхатпен жүгінген.
«Адвокат Е.Тен судьяның бұл әрекеті оның қылмыстық істі біржақты қарап жатқанын көрсетеді деп есептейді. Себебі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қорғау тарабына қылмыстық іс материалдарының бұл томдары ұсынылмаған», – делінген материалда.
Бұл өтінішхатты қараған судья Данияр Мақсұтов авдокаттың өтінішхатын қабылдамады, қылмыстық істі әрі қарай да Бахтияр Ақанов қарайтын болды.
Qarmet өкілі процестен шығарылды
Қылмыстық іс қаралған сәттен бастап 46 адам қаза тапқан шахта тиесілі компанияның соттағы статусы белгісіз болды. Сот басталған күні Qarmet өкілі компанияның іс бойынша жәбірленуші деп танылмағанын, алайда «АрселорМиттал Теміртау» өкілі деп танылғаны туралы қаулы бар екенін алға тартты. Осылайша жәбірленуші тарап өкілі ретінде сот процесіне қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхат жолдады. Судья Ақанов компания жәбірленуші деп танылмаған жағдайда, оның өкілінің де сотқа қатысуына негіз жоқ деп тапқан еді.
Алайда 2025 жылдың 1 тамызында бұл мәселе қайта көтеріліп, түпкілікті шешім шығарылды. Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық істе «Qarmet» АҚ-ның іс жүргізудегі статусы анықталмаған. Оны жәбірленуші деп тану туралы қаулы қылмыстық іс материалдарында жоқ. Демек, аталған заңды тұлға бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылмаған.
Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Әмина Саясатова жәбірленуші «Qarmet» АҚ-ның өкілі ретінде танылған, бірақ бұған негіз болмаған. Осыған байланысты Әмина Саясатованың жәбірленушінің өкілі ретіндегі статусын тоқтату қажет деп шешкен.
Яғни, Qarmet компаниясының өкілі іс бойынша жәбірленуші өкілі деп таныла алмайды.
Бір сотталушы қамаудан босатылды
Бұған дейін 10 сотталушының бірі Владимир Шишканов қамаудан шұғыл босатылды. Оған айып тағылған азаматтың денсаулығының нашарлағаны себеп болған.
«Айыпталушының денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Осыған байланысты айыпталушыға тұрақты күтім мен сапалы медициналық көмек қажет, ал бұл қамауда ұстау жағдайында қиындық туғызады», делінген іс материалдарында.