Атырауда 8 баласынан қайыр көрмеген 80 жастағы қария балаларын сотқа берген

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
8 баласынан қайыр көрмеген 80 жастағы қария балаларын сотқа берген
8 баласынан қайыр көрмеген 80 жастағы қария балаларын сотқа берген

Атырау қалалық соты сегіз баласы мен бір немересінен алимент төлеуді талап еткен 80 жастағы зейнеткердің ісін қарады.

Зейнеткер талабында 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұратынын көрсеткен. Туыстарының ішінде бір ұлы ғана хабарласып тұрса, қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпеген.

Зейнеткер денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлауына байланысты туыстарының көмегіне зәру екенін айтқан.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға, оларға қамқорлық жасауға міндетті.

Кодекстің 153-бабына сәйкес, көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз аталар мен әжелер өздерінің кәмелетке толған еңбекке қабілетті балаларынан немесе жұбайынан алимент алу мүмкін болмаған жағдайда, еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.

Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырған.

Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 АЕК мөлшерінде алимент өндірген. Бұл – 11 896 теңге. Сонда зейнеткердің пайдасына жиыны 106 164 теңге өндірілген.

Бұған дейін, алименттен қасақана жалтарған ер адам 1 жылға шартты түрде сотталғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз