Энергетика мен коммуналдық саланы жаңғыртуға 13 трлн теңге қажет

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Энергетика мен коммуналдық саланы жаңғыту ұлттық жобасы қабылданды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы Қазақстанның энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды көздейтін ұлттық жоба бекітілген. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ұлттық жобаны алдағы бес жыл ішінде жүзеге асыру үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет.

Бұл қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеуге және салуға, сонымен қатар жалпы қуаттылығы 7,3 ГВт болатын жаңа генерация көздерін іске қосуға бағытталады.

Жобаға қажет қаржы бірнеше көзден тартылмақ, Атап айтқанда:

  • отандық және халықаралық қаржы институттарының ресурстары;
  • екінші деңгейдегі банктердің несиелері;
  • республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражаты;
  • сондай-ақ жобаларға қатысушы бизнес иелерінің, акционерлердің қаржысы.

Бозымбаевтың айтуынша, қазір ұлттық жобаны нақты іске асыру кезеңі басталған. Пилоттық режимде 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС) таңдалған, тағы 22 жоба қарау сатысында. Жыл соңына дейін алты инфрақұрылымдық компания желілердің тозу деңгейін «қызыл» аймақтан «орташа» деңгейге дейін түсіріп, тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендетуі тиіс.

2025 жылы пилоттық режимде жалпы сомасы 150 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып жатыр. Оның аясында 8,5 мың шақырым желі жөнделіп, 42 мыңнан астам жабдық жаңартылмақ.

Ұлттық жоба аясында 2026 жылы да ауқымды жұмыстар жалғасады. Жоспар бойынша, 9,7 мың шақырым желіні жаңғырту және 46 мың жабдықты ауыстыру үшін 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр.

Үкімет коммуналдық құбыр желісін жаңғырту үшін 6,8 трлн теңге, ал энергетика саласы үшін 6,2 трлн теңге қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз