Миллиардер Эдуард Кимге тиесілі компанияның таза пайдасы үш есе азайған

Forbes тізіміндегі миллиардер Эдуард Ким (80 пайыз үлесі) мен Ренату Исмаиловқа (20 пайыз үлесі) тиесілі «Фаэтон компаниясы» былтыр 1,4 млрд теңге пайда тапқан. Бұл 2023 жылғы таза пайдамен салыстырғанда 3 есе аз. Алдыңғы жылы компанияның таза табысы рекорд орнатып, 4,3 млрд теңгеден асқан болатын.
Компания жылдық есебінде таза пайжасының азаюына шығындардың өсуімен түсіндіреді. Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы пайда 1,8 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Операциялық пайда 3,7 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Әкімшілік шығындар 276,4 млн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 67,9 млн теңгеге артты. Әсіресе банк қызметтері мен салықтарға кеткен шығын айтарлықтай өскен.
⠀
Соған қарамастан, компания активтері 10,5%-ға өсіп, 2024 жылдың соңында олардың жалпы көлемі 36,5 млрд теңгені құрады. Капитал 13,4 млрд теңгеге жетті.
⠀
2024 жылы компания ең ірі жобалардың бірі – Шымкент қаласындағы логистикалық орталықты іске қосқан. 15 мың шаршы метрден асатын кешенге 8,2 млрд теңге инвестиция салынған. Орталық былтыр 25 маусымда ашылып, қазіргі кезде оның 70%-ы жалға берілген.
⠀
Жыл соңыжа компания таза табыстың 10%-ын, яғни 430,9 млн теңгені түпкі иелеріне дивиденд ретінде төлеуге шешім шығарған. Компанияның 80% үлесі кәсіпкер Эдуард Кимге, ал 20% үлесі Ренат Исмаиловқа тиесілі.
⠀
Эдуард Ким – Қазақстандағы «Технодом» электроника және тұрмыстық техника дүкендер желісінің негізін қалаушы және иесі. Ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең бай кәсіпкерлердің қатарына кіреді. 2025 жылғы рейтинг бойынша оның байлығы 190 млн АҚШ долларына бағаланып, 50-орынға орналасты.
Бұған дейін «Фаэтон» компаниясы Қапашағай су қоймасының жағалауындағы жерінің жартысын сататыны хабарланған.