Жаңалықтар

Үкімет ұлттық жобаға бөлінетін 13 трлн теңгенің жұмсалуын қалай қадағалайды

Ұлттық жобаға бөлінген қомақты қаржы қалай бақыланады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика мен коммуналдық саланы жаңғырту жобасы аясында «Самұрық-Қазына» қорының базасында бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылады. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында SMART TURMYS жүйесі енгізілмек.

SMART TURMYS жүйесі арқылы қазақстандықтар коммуналдық қызмет қалай қымбатттап жатқанын көре алады.

«Өз телефоныңыздан тариф қанша, қаншаға қымбаттады, қанша су мен жарыұ тұтындыңыз – бәрі көрсетіледі. Егер қандай да бір сәйкессіздік байқалса, тиісті монополистерге сұрақ қойып, мәселені нақтылауға мүмкіндік туады. Ең бастысы – тұрғындардың өз шығындарын бақылап, басқаруға жағдай жасалады. Бұл сервис кейбір банктердың қосымшаларымен біріктіріледі», – деді Бозымбаев.

Сонымен қатар үкімет ұлттық жобаға бөлінетін 13 трлн теңге ұрланбай, діттеген жеріне жетуі үшін цифрлық белгілер технологиясы қолданылмақ.

«Ұлттық жоба соңына дейін бұл мәліметтер ашық болады, сайтқа орналастырылады. Әр тиынның қайда бағытталғанын және қалай пайдаланылып жатқанын анық әрі ашық білу үшін бұл маңызды. Біз үшін ашықтық өте маңызды. Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражатты «бояу» мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Яғни қаражат мақсатты түрде жұмсалып, оны бақылап отыруға мүмкіндік жасалмақ. Жоба кеңсесі ай сайын жобаны қадағалайды, ал әрбір орындаушы орган да ай сайын есеп береді», — деді Қанат Бозымбаев.

Жоба барысында негізінен отандық өндірушілердің өнімдері пайдаланылмақ, Оған қоса 25-30 жаңа өндіріс орны құрылуы тиіс. Биыл осы жобаға қатысып жатқан 6 монополистің иелігіндегі құбыр мен электр жүйесі «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтеді деп жоспарланған.

2025 жылы пилоттық режимде жалпы сомасы 150 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып жатыр. Оның аясында 8,5 мың шақырым желі жөнделіп, 42 мыңнан астам жабдық жаңартылмақ.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік жобалар енді цифрлық теңге арқылы қаржыландырылатынын айтқан.