Түркі бірлігі: Бірі алпауыт, бірі әлсіз – одақ қалай өмір сүрмек?

Жарияланды
Түркі бірлігі: ұйым экономикасы / Фото: Eliturki

Тамыры терең, тілі мен ділі ортақ Түркі мемлекеттері соңғы жылдары экономикалық, саяси және әскери интеграцияға ұмтылып келеді. Түркі кеңесі, Түркі академиясы, Түркі инвестициялық қоры сынды құрылымдар осы үдерістің көрінісі. Алайда осы ұйымға мүше елдердің шынайы әлеуетіне үңілсек, сырттай әдемі бастамалардың артында көптеген құрылымдық кемшіліктер мен асимметриялар жасырын тұрғанын байқаймыз.

Түркі елдерінің ЖІӨ / Инфографика kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Бірлік жолындағы 2 триллион долларлық күш

Түркі халықтарының тарихи байланысы бүгінде нақты саяси және экономикалық ынтымақтастыққа ұласуда. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бірігіп жатқан бұл елдердің 2025 жылғы жиынтық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен 2,06 трлн АҚШ долларын құрайды.

Бұл – үлкен көрсеткіш. Бірақ бұл соманың 70%-ы Түркияға ғана тиесілі. Екінші орында — Қазақстан (300,5 млрд доллар), ал қалған елдердің үлесі айтарлықтай төмен. Мысалы, Қырғызстанның ЖІӨ-сі небәрі 19,9 млрд доллар. Бұл – экономикалық теңсіздіктің айқын көрінісі.

Мүше елдердің экономикалық құрылымы да әртүрлі: бірі – мұнайға, бірі – ауыл шаруашылығына, енді бірі – еңбек күшіне сүйенеді. Мұндай әркелкілік ортақ нарық пен үйлесімді саясат жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін.

Түркі елдерінің жан басына шаққанда ЖІӨ / Инфографика kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Бір қарағанда, Түркі мемлекеттері бірігіп үлкен экономикалық нарық құрып жатқандай көрінеді. Бірақ нақты сандар бұл иллюзияны жоққа шығарады.

  • Түркия мен Қазақстан экономикасы жалпы ЖІӨ-нің 70%-дан астамын құрап отыр. Яғни, экономикалық күш бір-екі елдің иығында ғана. Бұл ұйымды тең құқылы әріптестік емес, жетекші мен тәуелді елдердің альянсына айналдырады.
  • Қырғызстан мен Түрікменстанның экономикалық көрсеткіштері тым төмен. Мысалы, Түрікменстанның ЖІӨ-сі 89,1 млрд доллар болғанымен, жан басына шаққанда – небәрі 3 050 доллар. Бұл – шикізат экспортының экономикадағы үстемдігін көрсетеді, ал оның тұрақсыздығы елдің жалпы әлеуетін әлсіретіп тұр.
  • Қырғызстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі 2 230 доллар ғана. Мұндай жағдайдағы елдің интеграциялық процестерге қосатын нақты үлесі – шектеулі. Тіпті, экономикалық жүк артып жатыр деуге болады.
Түркі елдерінің әскери қуаты / Инфографика kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қорғаныс қуаты – тек Түркияның мойнында

GlobalFirepower деректеріне сүйенсек, Түркі елдерінің ішіндегі Түркия ғана шынайы әскери держава ретінде саналады. Оның қорғаныс бюджеті 47 млрд доллар, әлемде 9-орын алады. Бұл – бір елдің басқалардан бірнеше есе қуатты екенін анық аңғартады.

Ал Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан – орта деңгейлі әскери елдер қатарында, бюджеттері шамамен 2–5 млрд доллар аралығында. Бірақ оларда әлі де технологиялық тәуелділік, қару-жарақтағы артта қалу, кадрлық жетіспеушілік сияқты мәселелер бар.

Қырғызстанның әскери бюджеті 200 млн доллар, бұл шынайы соғыс жағдайында қорғануға жеткіліксіз.

Осылайша, ұжымдық қауіпсіздік деген ұғым енсе, іс жүзінде, Түркияға ғана арқа сүйейді. Ал бұл тепе-теңсіздік одақтың әскери тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін.

Саяси әркелкілік: Біртұтастыққа тосқауыл

Кейбір сарапшылар саяси әркелкілік, басқарудағы алшақтық айқын байқалатынын айтады. Түркі ұйымына мүше мемлекеттерде басқару жүйелері мен саяси идеологиялар әртүрлі:

  • Түркия – демократиялық, бірақ автократияға бейім ел.
  • Қазақстан мен Өзбекстан – реформашыл авторитарлық жүйелер.
  • Әзербайжан мен Түрікменстан – классикалық автократиялық режимдер.
  • Қырғызстан – жиі саяси дағдарысқа ұшырайтын жартылай демократиялық мемлекет.

Бұл саяси ала-құлалық ұйым ішінде ортақ шешім қабылдауға белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді. Кейбір елдер өз ішкі мүддесін жоғары қояды, ал кейбіреулер халықаралық аренада тәуелсіз саясат ұстанғысы келеді.

Сыртқы саясаттағы тәуелділік: Ресей, Қытай, Батыс

Түркі мемлекеттерінің сыртқы саяси бағдары да ала-құла. Бұл олардың ортақ геосаяси позиция ұстануына кедергі:

  • Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан – Ресейге экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан тәуелді келеді. 
  • Түрікменстан – бейтарап саясатты ұстанғанымен, Қытайдың энергетикалық клиентіне айналған.
  • Түркия – Батыс пен Ресей арасында маневр жасайтын ойыншы.
  • Әзербайжан – Түркиямен одақтас, бірақ Иранмен қатынасы күрделі.

Бұл әртүрлілік ортақ сыртқы саясат қалыптастыруды қиындатады. Қандай да бір геосаяси оқиға орын алса (мысалы, Таулы Қарабақ, Украина, Иран), Түркі елдерінің пікірі міндетті түрде екіге жарылуы мүмкін.

Бірлікке ұмтылған, бірақ әлі қалыптаспаған ұйым

Түркі мемлекеттері экономикалық жағынан өсу үстінде, кейбірі – аймақтық деңгейде маңызды ойыншылар. Алайда нақты қуат тұрғысынан – бұл әлі шынайы ықпалды одақ емес, софт-пауэрге негізделген альянс.

Сондай-ақ оқыңыз