Мобильді аударымдар бақылауға алынады: 1 млн теңге қайдан шықты?

Халық арасында «біреуге ақшаны аударсам, салық төлеуім керек» деген үрей пайда болды. Себебі, биыл қыркүйектен бастап мобильді аударымдар салық органдарының қадағалауына алынады. Шотыңыздағы ақша қозғалысы кәсіпкерлік қызмет ретінде қаралуы мүмкін.
Неліктен 1 миллион теңге шегі белгіленді? Бұл туралы «Jibek Joly» арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасында Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтты.
«Бұл жерде 1 млн теңге қайдан шықты? Кәсіпкерлік Кодекстің 35-бабында көрсетілген, егер азамат 1 жыл ішінде 12 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде кәсіпкерлік мақсатта табыс тапқан болса, ол өзін дара кәсіпкер ретінде тіркемей, жүзеге асыруға құқылы. Яғни, дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Ең төменгі жалақы деп отырғанымыз 85 мың теңге, соны 12-ге көбейтсеңіз, 1 млн теңге шығады. Сондықтан да аударым шегі – 1 млн теңге», – деді Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.
Жаңа талаптарға сәйкес, егер сіздің шотыңызға 3 ай қатарынан 100-ден астам әр түрлі адамнан 1 миллион теңгеден көп қаражат түссе, сіз бақылауға ілігесіз.
Спикердің айтуынша, егер сіз кәсіпкер болмасаңыз және аударымның туыстарыңыздан түскенін түсіндіре алсаңыз, ешқандай сұрақ туындамайды. Бұл шектеу жүйелі түрде, оның ішінде бизнес аясындағы аударымдарға қатысты. Егер қаражаттың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін растай алсаңыз, мәселе жоқ.
Бизнес өкілдеріне мобильді аударым бойынша 1 млн теңге шегін белгілеудегі бастаманың мақсаты — көлеңкелі табыс көздерін заңдастыру және адал кәсіпкерлерді қорғау екенін атап өтті.