Жаңалықтар

Турловтың компаниясы АҚШ-тағы өрттен зардап шеккендерге 1 млн доллар төледі

Калифорниядағы өрт / Фото: Shutterstock

Қазақстандық миллиардер Тимур Турловқа тиесілі «Freedom Insurance» СК” АҚ АҚШ-тағы PRISM қайта сақтандыру бағдарламасы аясында төлем жүргізді.

Сақтандыру оқиғасы 2025 жылдың 7 қаңтары күні таңғы сағат 6:00 шамасында Лос-Анджелес ұлттық паркінде орын алған өрт болды. Ауа ылғалдылығының төмендігі, ұзақ уақыт бойы жаңбырдың болмауы, құрғақ шөп пен Санта-Ана желдерінің әсерінен от жылдам тарап, Пасадена мен оған көршілес қалаларға айтарлықтай зиян келтірді. Нәтижесінде өрт салдарынан Пасадена Біріккен мектеп округіне қарасты бірнеше мектеп нысандары толықтай жойылды. Қазіргі таңда жалпы залал сомасы сарапшылардың бағалауы бойынша 410 млн долларды құрап отыр.

«Біздің компания бұл тәуекел бойынша қайта сақтандырушы ретінде әрекет етті. Қайта сақтандыру төлемі 1 млн долларды құрады. PRISM жүйесімен қайта сақтандыру шарты өткен жылдың ақпан айында жасалған болатын», – делінген хабарламада.

Калифорниядағы өрт / Фото: Shutterstock

«Аталған қайта сақтандыру шарты бойынша міндеттемелердің орындалуы халықаралық сақтандыру нарығындағы ұстанымымызды нығайта түсетініне назар аудартқым келеді. Бұл төлем біздің сақтандыру компаниямыздың сенімділігі мен тұрақтылығын дәлелдейді, сондай-ақ жасалған барлық келісімдерді бұлжытпай орындайтынымызды көрсетеді», – деп атап өтті «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.

2025 жылдың қаңтар айында Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласы орман өрттерінен зардап шекті. Өрт Пасифик-Палисейдс, Малибу, Итон, Альтадена және Херст аудандарын қамтыды. Штат аумағында ауқымды апат режимі жарияланды. Жалын шамамен 15,8 мың гектар жерді шарпыды. Өрт салдарынан елді мекендер мен 12 000-нан астам ғимарат зарар көрді. 29 адам қаза тауып, шамамен 180 000 тұрғын қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. 

Калифорниядағы өрт / Фото: Shutterstock

PRISM – бұл АҚШ-тағы мемлекеттік ұйымдардың тәуекелдерін сақтандыру бойынша ең ірі өзара жүйелердің (пулдардың) бірі. Калифорния штатының муниципалдық мекемелерінің сақтандыру тәуекелдерін басқарады. Олардың қатарына мектептер, университеттер, өрт сөндіру бөлімдері, әуежайлар, стадиондар, ауруханалар, балабақшалар, инфрақұрылым жүйелері және тағы басқа нысандар кіреді.