
Ыстанбұлда әлемге әйгілі америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес күтпеген жағдайға тап болды: Chanel дүкенінің күзетшісі әншіне кіргізбей қойған. Бұл туралы Turkiyetoday басылымы хабарлады.
Оқиға Лопестің концертіне бір күн қалғанда, Ыстанбұлдағы ең элиталық сауда орталықтарының бірі — Istinye Park-та болған. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, күзетші дүкен ішінде орын жоқ екенін айтып, әншіні кіргізбей қойған. Алайда Дженнифер Лопес бұл жағдайға сабырмен қарап:
«Жақсы, ештеңе етпейді,» — деп жауап беріп, ешқандай наразылық білдірместен кетіп қалған.
Кейінірек Chanel дүкенінің қызметкерлері кешірім сұрап, әншіні қайтадан кіріп көруге шақырғанымен, Лопес ұсыныстан сыпайы түрде бас тартқан.
Chanel бутигіне кіре алмағанына қарамастан, Лопес Celine және Beymen секілді сән брендтерінің дүкендерінде шамамен үш сағат уақыт өткізіп, киім-кешек пен сәнді аксессуарларды қарап, мыңдаған долларға сауда жасап кетті.
Еске сала кетейік, Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматыда концерт өткізеді. Әлемдік жұлдыздың кешінде қазақстандық әнші Садраддин де өнер көрсетеді.