Джей Лоның концерті өтетін Орталық стадионның жағдайы сынға қалды

Жарияланды 7 Тамыз 2025 16:42

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Орталық стадион Джей Лоға дайын ба?
Орталық стадион Джей Лоға дайын ба? / коллаж: kursiv.media

6 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадион алаңында «Қайрат» пен словакиялық «Слован» командалары арасында УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында матч өтті. Бұл матч футболшылардың тартысты ойынымен ғана емес, көрермендерге жасалмаған жағдаймен де есте қалды.

Көпшілік әлеуметтік желіде стадиондағы орын тапшылығына, билет сатылғанымен, кей жерлерде мүлде орындықтың болмағанына наразы болды. Халық стадионда бірнеше сағат тұрып футбол көруге мәжбүр болған. Ал санитарлық жағдай тіптен сын көтермейді. 23 мың адамға арналған стадионда әжетханаға тек бір есік арқылы ғана кіреді.

Енді, дәл осы стадионда 10 тамыз күні әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес концертін өткізбек. Алматы қаласының әкімдігі «стадион концерт өткізуге толық дайын» екенін мәлімдеген еді.

Орталық стадион ресми 23 804 адам сыйдырады. Концертте бұданда көп халық жиналады деп күтіліп отыр. Орындығы жоқ орынға 60-80 мың теңгеге билеттер сатылды. Мыңдаған халық үшін бір есікті әжетхана. Халық наразылығы әлеуметтік желіде өршіп тұр. Мұндай жағдай Қазақстандағы мәдениет пен спорт іс-шараларын өткізу сапасына, ұйымдастырушылардың жауапкершілігіне қатысты үлкен сұрақ туындатады.

Еске сала кетейік, былтыр Алматының Орталық стадионында өткен «Астана» мен «Челси» арасындағы ойында инфрақұрылымның жағдайы, тозығы жеткен орындықтары сынға ұшыраған еді.

Алматының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық стадионда жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан еді. Бірақ әкімдік нақты уақытын жарияламады.

Сондай-ақ оқыңыз