
Отандық шоу-бизнестегі ең жарқын әрі сұранысқа ие жас әртістердің бірі – SADRADDIN әлемдік поп-музыканың жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті алдында өнер көрсетпек. Бұл туралы First Media Group хабарлады.
10 тамыз күні Алматының Орталық стадионында өтетін ауқымды шоуда SADRADDIN pre-show форматында сахнаға шығып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Оның энергиясы, харизмасы және тыңдарманға етене таныс хиттері бұл кештің шымылдығын ерекше ашпақ.
Ұйымдастырушылар концертке ертерек келуді ұсынады. Стадионның есіктері сағат 15:00 ден бастап ашылады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертінде қазақстандық танымал «Формат» тобының солисі Қайрат Баекенов өнер көрсеткен еді.
Қайрат Баекеновтің айтуынша, бұл ұсыныс концерттің Қазақстандағы ұйымдастырушыларынан емес, тікелей Дженнифер Лопестің командасынан түскен.