Дональд Трамп Путинмен кездесуді жоспарлап отыр

6 тамыз, сәрсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Екі ел көшбасшыларының нақты не туралы сөйлескені әзірге ресми түрде хабарланған жоқ. Дегенмен The New York Times басылымының дереккөзіне сүйенсек, бұл әңгіменің барысында Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен алдағы аптада кездесуді жоспарлап отырғаны айтылған.
Трамп Зеленскиймен де жеке кездесу өткізуге ниетті.
Трамп пен Зеленскийдің әңгімесінен бұрын, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағаттық кездесу өткізген болатын. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков бұл кездесуді «пайдалы және конструктивті» деп бағалады.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Уиткоффтың Мәскеудегі кездесуі туралы пікір білдіріп, оны «өте нәтижелі» деп атады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Уиткоффтың сапарына қатысты АҚШ әкімшілігі алдағы уақытта қандай да бір ресми мәлімдеме жасауы мүмкін.
«Бәлкім, жағымды жаңалық болады, бірақ нақты ештеңе айта алмаймыз,» — деді Рубио.
Сонымен қатар, Ақ үйдегі дереккөздің Reuters агенттігіне хабарлауынша, АҚШ 8 тамыз, жұма күні Ресейге қарсы екіншілік санкциялар енгізуді жоспарлап отыр.