Доллар тағы арзандауы мүмкін

Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының бағалауынша, алдағы уақытта теңге бағамы нығая түсуі ықтимал. Бұл болжамды олар шетел валютасының нарықтағы ұсынысының артуымен байланыстырып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жақын күндері шетел валютасының ірі көлемі сатылады. Бұған екі негізгі фактор әсер етеді: Ұлттық банктің валюталық операциялары және экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері.
Соңғы күндері ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы айтарлықтай өзгермей, біршама тұрақтылық байқатты. Бұл – валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың біртіндеп тепе-теңдікке келе бастағанының белгісі.
KASE-дегі бейсенбі күнгі саудада доллардың орташа бағамы 536,70 теңгеге дейін төмендеді. Сауда көлемі де аздап қысқарып, шамамен 196,2 млн долларды құраған.
Теңгенің күш алуы өткен айдың аяғында Ұлттық банк интервенциясынан кейін басталды. Бас банк теңгені қолдау үшін өз резервінен 125,6 млн доллар сатқан.