Азық-түлік компаниясы 23 млрд шығынға батса да, басшыларының табысы артты

Жарияланды 7 Тамыз 2025 17:06

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2024 жылғы қаржы есебін KASE-де жариялады. Ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындары былтыр тағы 23 млрд теңге шығынға батқан. Соған қарамастан, компания топ-менджерлері миллиондаған сыйақы алған.

Корпорацияның таза шығыны бір жылда шамамен 4,5 млрд теңгеге артқан. Өйткені ұлттық компанияның 2023 жылдағы шығыны шамамен 19 млрд теңге болған.

Тауар мен қызметтен 45,6 млрд теңге түскен. Бұл 2023 жылға қарағанда екі есе артық көрсеткіш. Алайда ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізушілерге 65,8 млрд теңге төленген.

Ұлттық компания шығыны артқанына қарамастан, топ-менеджерлер сыйақысы одан сайын көбейіп отыр. 2024 жылы басқарма мүшелері 124,4 млн теңге, ал директорлар кеңесінің мүшелері 3,75 млн теңге сыйақы алған. 2023 жылы олардың бәріне 107,7 млн теңге төленген еді. Былтыр компания басқармасында алты, директорлар кеңесінде төрт адам болған.

2024 жылғы 31 желтоқсандағы аудит дерегіне сәйкес (мың теңгемен) дайындалған кесте:

Көрсеткіш31.12.202431.12.2023
Жарғылық капитал197 184 548157 184 548
Меншікті капитал (капитал тапшылығы)108 375 92391 849 578
Жиынтық активтер270 814 282275 715 238
Жиынтық міндеттемелер162 438 359183 865 660
Кіріс48 280 21625 349 283
Жалпы пайда (жалпы шығын)5 487 8531 189 812
Таза пайда (таза шығын)-23 462 334-18 992 990
Жай акцияның теңгерімдік құны549,20583,79
ROA, %-8,66-6,89
ROE, %-21,65-20,68
ROS, %-48,60-74,93

Үкімет Азық-түлік келісімшарт корпорациясын 1997 жылы құрған. Он жылдан кейін ұлттық компанияға айналып, 100% үлесі «ҚазАгро» холдингіне табысталған. Алайда 2020 жылы республика меншігіне қайтарылған. Қазір оның жалғыз акционері – Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ұлттық компания ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу, сақтау, ішкі және сыртқы нарыққа өткізумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз