Дархан Сатыбалды Алматының басқару құрылымын өзгертті

Алматы қалалық мәслихаты мегаполисті басқарудың жаңартылған құрылымын бекітті. Кеңес отырысына қала әкімі Дархан Сатыбалды да қатысты. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлайды.
Мегаполис билігінің мәліметінше, 7 шілдеде Алматы мәслихатының XXXII кезектен тыс сессиясы өтті. Қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан жиналыста басқару жүйесінің жаңартылған құрылымы бекітілді.
Әкімдік «қабылданған шешімдер әкімшілік құрылымның тиімділігін арттыруға бағытталған» деп сипаттады.
Атап айтқанда, бірқатар басқарма бірігіп, жаңаша аталған. Сонымен бірге жол-көлік саласы қайта ұйымдастырылған.
«Енді қалалық мобильділік басқармасы қозғалысты ұйымдастыру және инфрақұрылымды дамыту басқармалары болып екі дербес органға бөлінеді», – деп хабарлайды Алматы әкімдігі.
Бұған қоса, жалпы су пайдаланудың жаңа ережелері бекітілді. Жаңа тәртіп тұрғындарға су айдындарында демалуды, балық аулауды жеңілдетуі тиіс.
Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып 2025 жылғы 24 мамырда тағайындалды. Оған дейін мегаполисті Ерболат Досаев үш жыл басқарған.