Іле Қазақ өлкесінде аспалы көпір үзіліп, бес адам қаза тапты

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өңіріне қарасты Іле Қазақ өлкесінде орналасқан аспалы көпірдің бір кернеуі үзіліп кетіп, бес адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters жергілікті Синьхуа агенттігі мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Мәліметке қарағанда, оқиға 6 тамызда кешкі сағат 18:18 шамасында Іле Қазақ автономиялы өлкесі Моңғолкүре ауданындағы туристік аумақта болған. Іле өзенінен өту үшін тартылған аспалы көпірдің бір жақ кернеуі үзіліп кетіп, үстіндегі адамдар тастақ жерге құлаған. Синьхуа агенттігі бір жағына ойысып кеткен аспалы көпірден 29 адам құлағанын жазды.
Қайғылы оқиға салдарынан бес адам қаза тапқаны айтылды. Бұған қоса, тағы 24 адам зардап шеккен. Олардың бәрі жергілікті ауруханада ем қабылдап жатыр. Екі адамның жағдайы ауыр. Дегенмен дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екенін айтты.
Табиғаты сұлу туристік аймақ уақытша жабылды. Себебі қазір мұнда тергеу жүріп жатыр. Орталық үкімет Іле Қазақ өңіріне шұғыл топ жіберді. Олар тергеумен, зардап шеккендерді емдеумен айналысады.
Іле Қазақ автономиялы өлкесі Қазақстанның Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр. Орталығы – Құлжа қаласы. Мұнда этникалық қазақтар көп тұрады.