Сайран көлі қауіпті су қоймасы тізіміне енді

Алматы қаласы мен таулы аудандарда тұрғындарға қауіпті 44 су қоймасы бар. Құтқарушылар бұл тізімге Сайран көлін де қосып отыр. Бұл туралы Қазақпарат қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Мекеме өкілі Денис Ярцевтің айтуынша, қауіпті су қоймалары тізіміне Үлкен және Кіші Алматы өзендері, Бірінші мамыр көлдері, Сайран және Юннат көлдері де бар.
«Биыл шомылу маусымында Сайранда кісі өліміне қатысты екі оқиға тіркелді. Қала әкімдігінің қаулысымен, көлдің төрт жағалауында суға түсетін орын белгіленді. Сайранның батыс және шығыс жағалаулары, сонымен бірге Қонаев атындағы үлкен су арнасының жағалауында ғана суға түсуге рұқсат. Алайда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, биыл Сайран көлінде суға түсуге ресми түрде тыйым салынған», – дейді Ярцев.
Бұған қоса, қазіргі таңда Үлкен Алматы су арнасы жөндеу жұмысына байланысты құрғатылды.
Шомылу маусымы басталғалы бері, суға түсуге болмайтынын білдіретін 98 белгі орнатылған. Ол жерлер күндіз-түні күзетіледі.
Департамент мәліметінше, 14 азамат қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімдігі Сайран көлінің жағалауын жаңғыртумен айналысқан компанияны сотқа берген. Компания экс-депутаттың қызына тиесілі екені мәлім болған.
Биыл жазда Сайран көлінде екі адам суға батып кеткен. Содан кейін көл жағалауына қоршау орнатылған.