Талғарда екі қарт кісіні өлтіріп, үйін өртеген күдіктіні іздеп жатыр

5 тамызда Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылында жекеменшік үйлердің бірі өртенді. Құтқарушылар екі адамның мәйітін тапты. Қарт тұрғындардың кісі қолынан қаза тапқаны кейін анықталды. Полиция күдіктіге іздеу жариялады.
Алматы облысының полициясы мәліметті растады.
«Күдіктінің кім екені анықталды. Оны ұстау үшін шұғыл іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Тәжірибелі мамандардан арнайы топ құрылды», – деп хабарлады Алматы облысының полициясы. Мәліметті Қазақпарат таратты.
Күдіктіні тану белгілері көрсетілген нұсқау әлеуметтік желілердің бірінде жарияланды. Телеграм-арна таратқан мәліметке қарағанда, 38 жастағы күдікті де Панфилов ауылында тұрған.
1946 жылы туған ер азаматтың бірнеше жеріне пышақ сұғылғаны, ал 1949 жылы туған әйелді тұншықтырып өлтіргені анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қылмыс ізін жасыру мақсатында қарт кісілердің үйін өртеп жіберген болуы мүмкін.
Күдікті олардың көршісі екені айтылды. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін істі болған.