Трамп, Путин және Зеленский Қазақстанда кездесуі мүмкін бе

АҚШ президенті Дональд Трамп жақында Путин мен Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Әзірге олардың қашан, қайда кездесетіні белгісіз. Соған байланысты баспасөзде түрлі болжамдар айтыла бастады.
6 тамызда Құрама Штаттар президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағаттық кездесу өткізді. 7 тамызға қараған түні Трамп жақында Путинмен, сонымен бірге Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Бейсенбі күні Кремльдің бас көмекшісі Юрий Ушаков Трамп пен Путин кездесуі келісілді деп жариялады. Саясаткердің мәлімдеуінше, дайындық қанша уақыт алатыны белгісіз, бірақ басты мақсат – кездесуді келесі аптада өткізу. Ушаков жоғары деңгейдегі жүздесу нақты қай жерде өтетінін айтпады.
The New York Times басылымының дерегінше, Трамп Еуропа елдерінің жетекшілеріне келесі аптада Путинмен кездесетінін ескертіп үлгерген. Ал CNN телеарнасының мәліметінше, Ресей президенті Уиткоффтен Трамппен жүздестіруді сұраған. Содан кейін Ақ үй басшысы көмекшілеріне Путин мен Зеленский кездесуін ұйымдастыруды тапсырған.
Трамп, Путин, Зеленский қайда кездеседі
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін дереккөздер ірі саммит Біріккен Араб Әмірліктерінде өтуі мүмкін екенін айтқан. Оның үстіне Путин бейсенбі күні БАӘ басшысымен жүздеседі.
Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жүргені мәлім. Осының алдында түрік президенті Режеп Тайип Ердоған «бейбітшілік дастарханын» жаюға уәде берген.
Биыл Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Ватиканда кездескен еді. Сол кезде Трамп оны бейбіт келіссөздер жүргізуге ыңғайлы жер деп атаған. Мамырдың аяғында Зеленский мен Путин Ватиканда кездесуі мүмкін екені айтылған.
Швейцария, Сербия, Венгрия, Словакия, ОАР және Бразилия украин мәселесін шешуге көмектескісі келеді. Алайда Путиннің бұл елдерге баруы екіталай. Себебі олардың бәрі Халықаралық қылмыстық сотқа мүше. Бұған дейін бұл сот Путинді ұстауға ордер бергені мәлім.
Қазақстан ше? Таяу Шығыс, Ауғанстанға қатысты бейбіт келіссөздер өтіп жүрген орын. Путин Астанаға жиі келеді. Оның үстіне, Ақорда Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың бейбіт жолмен шешілгенін қалайды.
Астана Путинге ыңғайлы орын болғанымен, Трамптың оған келісе қоюы екіталай. Саясаткер ешқашан Орталық Азия елдеріне келген емес. Оның үстіне, Астана мұндай саммит өткізу туралы ұсыныс жасаған жоқ.