Шахматшы оқушылар әлем чемпионатында төрт жүлдеге ие болды

АҚШ-тың Александрия қаласында (Вирджиния штаты) мектеп командалары арасында әлем чемпионаты аяқталды. Алматының физмат мектебі құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Жеке есепте Иманғали Ақылбай алтын, Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева қола жүлдегер атанды.
FIDE World Schools Team Championship 2025 жарысына 48 елден 55 команда қатысты. Қазақстан бес топ алып барды.
Турнирдің аяқталуына бір тур қалғанда әлем чемпионы мәлім болды. Velammal MHS School (Ченнай, Үндістан) командасы 14 ұпай жинап, қарсыластарын артта қалдырды.
Екінші орынға Республикалық физика және математика мектебінің (Алматы) командасы көтерілді – 12 ұпай. Астаналық физмат командасы төртінші орынды місе тұтты. SEED Educational Complex (Астана) 8-орынға тұрақтады.
Қазақстаннан барған қалған үш команда алғашқы жиырмалыққа кіре алмады: РФММ-1 (Астана) – 23, Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы (Ақтөбе) – 31, ал Жолбасбеков атындағы №9 IT-лицей (Шымкент) – 38-орын.

Күміс жүлдегер РФММ (Алматы) командасы сапында GM Эдгар Мамедов (2299/2490), FM Иманғали Ақылбай (2292/2357), WIM Зарина Нұрғалиева (2152/2345), CM Әлихан Дәулет (2173/2158), Әдіжан Есенғали (1989/2071) ойнады. Команда капитаны – 52 жастағы Саят Егенбердиев.
Командалық күміспен қатар, жекелеген тақталарда да үш медаль түсті. Иманғали Ақылбай екінші тақтада абсолют нәтиже – 8 ұпайдың 8-ін жинап, алтын медальға ие болды. Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева 8 партияда 6½ ұпай жинап, қола медаль иеленді.
Халықаралық мектеп шахмат федерациясының (ISCF) және KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жарысты былайша қорытындылады:
«Жарыстың жоғары деңгейде өткеніне өте қуаныштымыз. Жас шахматшыларымыз үшін баға жетпес тәжірибе. Барлық медаль – үлкен еңбектің, табандылықтың және нағыз командалық рухтың жемісі».
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев бүкіл турнир бойы жас спортшыларға жанкүйерлік танытып, ерекше қолдау білдірді.