
WhatsApp «Қонақ чаты» деп аталатын жаңа функцияны сынақтан өткізіп жатыр. Егер бастама сәтті болса, қолданушылар мессенджер қосымшасы жоқ адамдармен де байланыс орната алатын болады.
iXBT.com басылымның мәліметінше «Қонақ чаты» функциясы Android құрылғыларына арналған WhatsApp-тың тестілік нұсқасында пайда болған.
Жаңа функцияның мәні неде?
«Қонақ чаты» опциясы арқылы қолданушылар арнайы сілтемемен бөлісе алады. Бұл сілтеме WhatsApp қосымшасында емес, сыртқы браузерде ашылады. Яғни, әңгімеге шақырылған адамда WhatsApp орнатылған болуы міндетті емес.
Аталған диалог та WhatsApp-тағы басқа хаттар секілді толық шифрлеумен (end-to-end encryption) қорғалады.
Функцияның шектеулері бар
Алайда бұл нұсқада бірқатар шектеулер қарастырылған:
- фото және видео жіберу мүмкін емес;
- дауыс және бейнеқоңыраулар қолжетімсіз;
- тек мәтін арқылы хат алмасуға болады;
- бұл чаттар тек жеке хат-хабар алмасуға арналған — топтық әңгімелер құруға болмайды.
Авторлар бұл жаңашылдық қолданушылардың қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етуге бағытталған деп болжайды. Яғни, жеке деректерді ашпай-ақ, құрылғыны артық жүктемей, жедел байланыс орнатудың ыңғайлы тәсілі ұсынылмақ. Ресми түрде «Қонақ чатын» іске қосу туралы әзірге хабарланбады.
Айта кетейік iPhone-ға арналған WhatsApp-тың бета-нұсқасында жаңа мүмкіндік пайда болды. Енді дауыс хабарламаларын іріктеп таңдап, мәтінге айналдыруға болады. Бұл функция арқылы пайдаланушылар дауыс хабарламаларының мазмұнын чаттың ішінде оқи алады.