
Түркістан облысы Шардара ауданы Шардара қаласында ауызсу азайды. Облыс әкімдігі мұны Шардара су қоймасындағы судың шамадан тыс азаюымен байланыстырады. Су әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жетпей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін арнайы штаб құрылған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, 32 мың халқы бар Шардара қаласында су тұтыну проблемасы туындаған. Осыған байланысты жедел штаб құрылған.
«Шардара су қоймасынан насос станциясына дейін жер астынан тартылған құбырдан су мүлде тартылмай жатыр. 6 тамыз күні қалада мүлде су болған жоқ. Су қоймасындағы судың азаюынан, қысымға байланысты қалаға қарай су көтерілмей жатыр. Штабта бірнеше шешім қабылданды. Оның бірі жер үстінен насос тарту. Қалада 85 көпқабатты үй мен аудандық аурухана бар. Жер үстінен тартылған құбырмен бірінші кезекте суды сол жерге жеткіздік», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, қала тұрғындары тәулігіне 6 мың текше метр су тұтынады. Оның тең жартысын көпқабатты тұрғын үйлер мен аудандық аурухана алады. Қалада 6 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар. Қазір қаладағы жеке тұрғын үйлерге ауызсу толық бармаған. Сондықтан қосымша құбыр тарту басталған. Жердің батпақтығынан су қоймасының басына ауыр техниканың келуі қиын. Жұмыс қол күшімен жасалып жатыр. Көмекке жергілікті тұрғындар да тартылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қаладағы әр көбе басы мен көпқабатты тұрғын үйлердің алдына ауызсу құятын бөшкелер мен су таситын көліктер қойылған. Кезекшілік ұйымдастырылып, тұрғындар үшін жедел желі қосылған.
Қала әкімі Олжас Қалмаханұлының айтуынша, қалада ауызсу 4 тамыз күні тоқтаған. 7 тамыз күні жер үстінен екі насос тартылған соң қалаға су келген. Қазір қаладағы су системалары толтырылып жатыр. Қалаға ауызсу толық 10 тамызға дейін беріледі. Қосымша насостың жанынан ұңғыма да қазылып жатыр.
«Негізі суды Шардара су қоймасынан аламыз. Қазір судың деңгейі түсіп кеткен. Дариядан тартатын құбыр құрғаққа шығып тұр. Ауа тартып тұр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған», – деді қала әкімі.
Қалаға ауызсудың келмей қалу қаупі 1 ай бұрын белгілі болған. Бұл жағдай қанша уақытқа дейін жалғасатынын белгісіз.
Бұған дейін Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округінің шаруалары егіндік жерінің астынан жүргізілген газ құбырын қазып алуға қарсы шыққан.