
Түркістан облысы Иқан ауылында қыз ұзату кезінде той кортежімен жүрген автокөлік жүргізушілері біріне-бірі жол бермей текетірескен. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, қара түсті Mercedes-benz автокөлігі мен ақ түсті Toyota автокөлігінің жүргізушілер бірін-бірі соққан. Видеодан Toyota көлігінің алдыңғы бампері жұлынып кеткенін байқауға болады.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпарат таратты. Департаменттің мәліметінше, бірнеше автокөлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Тексеру кезінде оқиға Сауран ауданында қыз ұзату тойы кезінде болғаны анықталған. Mercedes-benz, Toyota және Nexia 5 автокөліктің жүргізушілері ұсталған. Көрсетілген көлік құралдары айыптұраққа қойылған.
«Құқықбұзушылар авариялық жағдай жасағаны, жолаушыларды тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамағаны, көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірлерінсіз басқарғаны, маневр жасау ережелерін бұзғаны, сондай-ақ көлік құралдарына зақым келтіргені үшін жауапкершілікке тартылды», – делінген полиция хабарламасында.
Осыған дейін Түркістан облысында мал бағасы қымбаттағаны туралы жазған едік. Шаруалар құрғақшылықтың салдарынан жем-шөптің бағасы қымбаттағанын айтады. Шаруалар қазір малын сатуға көшкен.