20 жылға сотталған Арман Жұмагелдиевтің анасы дүниеден өтті

Қаңтар оқиғасынан кейін 20 жылға сотталған «Дикий Арман» ретінде белгілі Арман Жұмагелдиевтің анасы дүниеден өтті. Қаралы хабарды Жұмагелдиевтің досы Нұржан Иманалиев жеткізді.
«Бүгін жүрегімізді ауыртқан қаралы хабар жетті…Ардақты досымыз Арманның асыл анасы, қадірлі Роза апай өмірден озды. Роза апайымыз иманды, парасатты, сабырлы, текті, ақылгөй жан еді. Тағдырдың ауыр сынақтарын бастан өткерді… Жалғыз ұлына ұзақ жыл жаза беріліп, баласының басына бұлт үйірілген қиын кезеңдер болды. Бірақ ана жүрегі соның бәріне төзіп, баласынан ешқашан теріс айналған жоқ», – деп жазды Иманалиев.
Айтуынша, анасы Қостанайға барып, ұлын көріп қайтқан.
«Сол сәттен кейін жүрек ауыртпалығына шыдай алмай, ауруханаға түсіп, сол жерде жаратушысына қайтты», – деді ол.
Айта кетейік, Арман Жұмагелдиев 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікке ілінген. Бұл іске Жұмагелдиевтен бөлек, 43 адамның қатысы болған. Олардың қатарында Махатов қылмыстық тобының мүшесі саналатын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов бар.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Жұмагелдиевті 20 жылға бас бостандығынан айырды.