
4 жылға сотталған ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Бұл туралы ақпараттан хабары бар дереккөзге сүйеніп Курсивтің орыс тіліндегі редакциясы хабарлады.
Ділманов ҰҚК Шекара қызметін 2014 жылдың қазанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін басқарған.
Ділмановқа үкім 2023 жылдың 25 желтоқсанында Алматы гарнизонының әскери сотында шыққан.
Сот Ділмановтың мүлкін тәркілеп, Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша 4 жылға бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дархан Ділманов «генерал-лейтенант» әскери атағынан, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені және «ҚР ҰҚК арадегері» құрметті атағынан айырылды.
Ділмановпен бірге тағы екі адам сотталды. Ресми ақпаратқа сәйкес, сотталғандардың бірі Дархан Ділмановқа жүк өткізу пунктіндегі қылмыстық схема туралы ақпарат беріп, көмек көрсетуі қажет екенін айтқан. Мұндай жағдайда схема сәтті іске асса, табыстың бір бөлігін алатынын білген. Жүктерді өткізу пункті арқылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға ауыстырып тиеу барысында талаптар бұзылған, салдарынан қомақты шығын келген.