Жаңалықтар

Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі не себепті тоқтатылды – прокуратура түсіндірді

Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі не себепті тоқтатылды /коллаж kursiv.media

Алматы облысы прокуратурасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық істің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді.

Прокуратураның хабарлауынша, Алматы облысы полициясы Нұрқанат Ғайыпбаев өлімі бойынша қылмыстық кодекстің 105-баптың 1-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тіркелген қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

«Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді.

Жиналған дәлелдеме, сараптама қорытындылары және өзге де материалдар негізінде Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін-өзі өлтіру (суицид) салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Үшінші тұлғалардың ықпалымен өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактілері анықталған жоқ», – деп жауап берді облыс прокуратурасы.

Сол себепті 2025 жылдың 17 маусымында сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды.

Бұған дейін Шерзат Полаттың ісінде жәбірленушілердің мүддесін қорғаған адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрқанат Ғайыпбаев ісі тоқтатылғанын хабарлады.

Айта кетейік, Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті 2024 жылдың желтоқсанында  табылды. Жергілікті полиция оның өзіне қол салған болуы мүмкін екенін айтқан.