Путин АҚШ-пен келісімі туралы Тоқаевқа айтып берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Путин и Токаев
Путин және Тоқаев. REUTERS, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұған Ресей тарабы бастамашы болған.

«Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың, бірлескен экономикалық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Владимир Путин таяуда Мәскеуде АҚШ Президентінің арнаулы өкілімен болған әңгіменің негізгі нәтижелері жөнінде мәлімет берді», – деп хабарлады Ақорда.

Кремльдің хабарлауынша, Тоқаев бұл ақпарат үшін ризашылығын білдіріп, қақтығысты бейбіт жолмен шешу жолдарын іздеуге бағытталған қадамдарды қолдайтынын жеткізген.

«Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалып, Вашингтонмен Украина дағдарысын реттеу мәселелері бойынша жүргізілген диалогтың барысы туралы айтып берді. Әңгіме барысында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен жуырдағы кездесудің негізгі нәтижелері сөз болды», – деп хабарлады Кремль.

Сондай-ақ тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, және жыл соңына дейінгі жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, оған дейін Путин Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескен.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жақында Путин мен Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Әзірге олардың қашан, қайда кездесетіні белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз