Жамбыл облысында 5 жыл құлдықта болған жасөспірімнің видеосы жарияланды

Жамбыл облысы Талас ауданында екі жасөспірім құлдықта болған. Бұл туралы ақпарат «Письма президенту» Telegram каналында жарияланды.
«5 жыл тұрдым ба…5 жыл бойы көрген қорлығым. (…) Телефонымды алып қойды. Мал бағып жүрміз. Әр өткен көліктен сағат сұраймыз. Көретін қорлығымыз осы ғой. Бұлай қорлық көрмеп едім. Жатсам да тұрсам да бір нәрсені ойлаймын: туған әкемнің қолына барсам деп. Үйдегі мамам сөйлегісі келеді, бірақ өзі қорқады. Көмектесіп жіберіңіздерші. Бір күні екеуміздің біріміз өлмесек… көмектесіп жібермесеңіздер», – дейді жасөспірім видеода.
Жамбыл облысының полициясы KursivMedia тілшісіне бұл деректі растады. Сондай-ақ қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Полиция кәмелетке толмағандарды Тараз қаласындағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына жеткізген. Ол жерде тергеу әрекеттері жүргізіліп, сондай-ақ психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.
Оның алдында балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, тексеруден өткен.
«Қазір болған оқиғаның мән-жайын анықтауға және ықтимал құқықбұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінен және Балалар құқығы жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, Талас ауданына жіберілді.