АЭС жобасы: Үлкенде басталған «инженерлік ізденіс» деген не

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
АЭС жобасы: Үлкенде басталған "инженерлік ізденіс" деген не
АЭС жобасы: Үлкенде басталған «инженерлік ізденіс» деген не/Фото: Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Бүгін Үлкенде елдегі алғашқы АЭС құрылысы басталды. Стансаның құрылысы басталғанға дейін бір жарым жыл инженерлік ізденістер жүргізіледі. Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭС құрылысына бағытталған «инженерлік ізденіс» деген не екенін түсіндірді.

Аудан таңдалды, ендігі кезек – алаң таңдау

Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңында бекітілген алаңды таңдау тәртібіне сәйкес, құрылыс ауданы анықталғаннан кейін АЭС салуға арналған алаңды таңдау жұмыстары жүргізіледі, оның шеңберінде инженерлік ізденістерді жүргізу қарастырылған. МАГАТЭ ұсынымдарына сәйкес, ең қолайлысын анықтау мақсатында инженерлік-ізденіс жұмыстары ең кемінде үш баламалы алаңды алдын ала зерттеуді қамтиды.

Инженерлік ізденісті кім әрі қанша уақыт жүргізеді

Инженерлік-ізденіс жұмыстарын Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес ұйымы «Атомэнергопроект» АҚ бастады. Агенттік жұмысқа қазақстандық ұйымдар да тартылатынына сендіреді. Жұмысты орындау мерзімі шамамен 18 айды құрайды.

Не істеледі

Осы кезеңде табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және техногендік сипаттамаларды егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіледі.

«Жыл мезгілдерінің ауысуын қоса алғанда, табиғи-климаттық жағдайлардың толық жылдық циклын зерттеу жүзеге асырылады. Бұл – халықаралық және ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес учаскенің сипаттамалары (жерасты сулары деңгейінің маусымдық өзгерістері, тасқындар, метеорологиялық құбылыстар, сейсмикалық белсенділік және т.б.) туралы объективті деректерді алу, АЭС-тің жобалау және құрылыс жұмыстарына дайындау үшін қажет», – деп түсіндіреді агенттік.

Инженерлік ізденістердің басталуы – АЭС жобасының қауіпсіздігі, сенімділігі және экономикалық тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды кезең санады. Жұмыс барысында аумақтың кешенді зерттеулері жүргізіліп, станцияны орналастыру бойынша түпкілікті шешім қабылданбақ.

Ізденіс жұмыстары жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, экологиялық және техногендік қауіптерді азайтып, болашақ атом электр станциясын тиімді жобалауға негіз қалауға тиіс.

Қазақстандағы АЭС жобасы

Айта кетейік, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған іс-шара өткен. Оның барысында алғаш рет АЭС макеті көрсетілген болатын. Алғашқы АЭС жобасы 14-15 миллиард долларға жуық сомманы құрайтынын хабарланды.

АЭС-ті ресейлік «Росатом» салады. Ресей АЭС құрылысына қажет қаржыны қарызға береді. Қазақстан бұл жоба бойынша экспорттық қаржыландыру тартуда ешқандай қиындық болмайтынына сенімді. Вице-премьер Роман Скляр бұл жобаның жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асатынын айтқан.

Ал екінші АЭС құрылысын қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы жүргізеді. Екінші АЭС-тің қайда салынатыны күзге дейін анықталмақ.

Жуырда Роман Скляр үшінші АЭС-ті де Қытай салатынын мәлімдеді. Оны да екінші АЭС-тің құрылысына жауапты China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы салуы мүмкін. Склярдың айтуынша, қазіргі таңда АЭС салуға қолайлы аумақ қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз