Алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
General News бөлімінің тілшісі
Алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды
Алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды/Фото: Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы атом электр станциясының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстары ресми басталды.

Іске қосу

Құрылысты бастау туралы түймені Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Ресейлік Росатом компаниясының бас директоры Алексей Личачев, Алматы облысы Жамбыл ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бағдат Әлиев пен Ресейдегі Ұлттық зерттеу ядролық университеті «МИФИ» студенттері басты.

Сынама алу

Мұнан соң «Росатомның» Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетпек. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны айқындалады.

Реактор туралы

Үлкенге болашақ станцияның негізінде электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынының заманауи ВВЭР-1200 су энергетикалық реакторлары орнатылмақ. Бұл технология қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда пайдаланылып келеді. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

Жоба бюджеті

Алмасадам Сәтқалиев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде АЭС құрылысының бюджеті 14-15 миллиард долларға жуық сомманы құрайтынын мәлім еткен.

Артынша журналистерге жауап берген «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Ернат Бердіқұлов бұл сома өзгеруі мүмкін екенін меңзеді.

«Бүгін жарияланған сома – Ресей Федерациясынан мемлекетаралық экспорттық кредит алу және оның шарттарын анықтау үшін қолданылатын индикативтік сома. Ең соңғы сомаға бірқатар факторлар әсер етеді. Міне, бүгін әріптестеріміз айтқандай, іздестіру жұмыстары атом электр станциясының нақты орналасқан жерін және геология, сейсмика, климаттық жағдайлар мен басқа да факторларды ескере отырып қабылдануы қажет техникалық шешімдерді нақты түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаға халықаралық консорциум құру және жетекші халықаралық компанияларды тарту жоспарларын ескере отырып, жабдық жеткізушілеріне қатысты түсінік те сомаға әсер ететін болады. Негізгі қаржыландыру көзі және әріптестік үшін басты шарт ретінде мемлекетаралық экспорттық кредит тарту қарастырылуда«, – деді ол.

АЭС-ке қолданылатын отын

Журналистер сонымен қатар елде пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу жолға қойылмағанын атап өтіп, АЭС-ке отын жеткізу қандай жолмен қамтамасыз етілетінін, мұнымен кім айналысатынын сұрады. Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов бастапқы жоспар бойынша, атом электр станциясын салу аясында толық ядролық отын циклін дамыту көзделіп отырғанын айтты.

«Бізде ядролық отынды қайта өңдеу жоқ дегенге келісе қоймаймын, өйткені тарихи тұрғыда біз уран ұнтағын, таблеткаларын өндіріп келдік. 2021 жылдан бастап Қазақстанда, оның ішінде Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында, атом электр станцияларының реакторларына тікелей жүктелетін дайын ядролық отын – жылу бөлгіш жинақтарды шығара бастадық. Бұл жұмыстар және осы бағыттағы келіссөздер ресейлік тараппен де жүргізіліп жатыр», – деді Әсет Махамбетов

Айта кетейік, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған іс-шара өткен. Оның барысында алғаш рет АЭС макеті көрсетілген болатын.

Қазақстандағы АЭС

АЭС-ті ресейлік «Росатом» салады. Жоғарыда айтылғандай, Ресей АЭС құрылысына қажет қаржыны қарызға береді. Қазақстан бұл жоба бойынша экспорттық қаржыландыру тартуда ешқандай қиындық болмайтынына сенімді. Вице-премьер Роман Скляр бұл жобаның жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асатынын айтқан.

Ал екінші АЭС құрылысын қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы жүргізеді. Екінші АЭС-тің қайда салынатыны күзге дейін анықталмақ.

Жуырда Роман Скляр үшінші АЭС-ті де Қытай салатынын мәлімдеді. Оны да екінші АЭС-тің құрылысына жауапты China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы салуы мүмкін. Склярдың айтуынша, қазіргі таңда АЭС салуға қолайлы аумақ қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз