Сәтқалиев алғашқы АЭС құрылысына нақты қанша қаржы кететінін айтты

Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған салтанатты рәсімде жобаның нақты бюджетін атады.
Сәтқалиевтің сөзінше, бүгін атом электр станциясының құрылысына бағытталған инженерлік-іздестіру жұмыстары басталып отыр.
«Бұл кезең – жоба үшін аса маңызды, себебі ол болашақ станцияны орналастыруға ең қолайлы алаңды анықтап, кейінгі жобалау жұмыстары үшін қажетті инженерлік және геологиялық деректерді жинауға негіз болады», – дейді ол.
Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысының бюджеті 14-15 миллиард долларға жуық сомманы құрайтынын мәлім етті.
Одан бөлек құрылыс жүргізілетін Үлкен ауылында 1 миллиард долларға әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылым салынбақ.
Айта кетейік, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысын бастауға арналған іс-шара өтіп жатыр. Оның барысында алғаш рет АЭС макеті көрсетілген болатын.
АЭС-ті ресейлік «Росатом» салады. Ресей АЭС құрылысына қажет қаржыны қарызға береді. Қазақстан бұл жоба бойынша экспорттық қаржыландыру тартуда ешқандай қиындық болмайтынына сенімді. Вице-премьер Роман Скляр бұл жобаның жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асатынын айтқан.
Ал екінші АЭС құрылысын қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы жүргізеді. Екінші АЭС-тің қайда салынатыны күзге дейін анықталмақ.
Жуырда Роман Скляр үшінші АЭС-ті де Қытай салатынын мәлімдеді. Оны да екінші АЭС-тің құрылысына жауапты China National Nuclear Corporation (CNNC`) компаниясы салуы мүмкін. Склярдың айтуынша, қазіргі таңда АЭС салуға қолайлы аумақ қарастырылып жатыр.