Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға азық-түлік жеңілдікпен беріледі

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсынуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Бастама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған.
Жобаның негізінде бағаларды тұрақтандыруға арналған қолданыстағы тетік – «айналым схемасы» жатыр. Механизм шеңберінде сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қайтарымды несие беріледі. Өз кезегінде, аталған сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті АӘК алушыларға нарықтық бағадан 15% төмен ұсынуға міндеттеледі.
Пилоттық жоба алғаш болып Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылады. Келесі кезеңде бұл бастама Көкшетау және Павлодар қалаларында жалғасын табады.
Цифрлық ваучерлер «eGov Mobile» мобильді қосымшасына енгізілген «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы беріледі. АӘК алушы ваучерді іске қосу арқылы дүкен кассасында QR-кодты ұсынады, артынша жүйе жеңілдікті автоматты түрде қолданады. Ваучердің мөлшері отбасы құрамына байланысты жеке есептеледі: әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қаржы қарастырылады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 932 теңге. Мәселен, 4 адамнан тұратын отбасы 16 мың теңгеге жуық сомада ваучер алады. Бұл оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағадан 15%-ға дейін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба елдің өзге де өңірлерінде кең ауқымда жүзеге асырылады. Бастама 245 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушыны қамтымақ.
Бұған дейін, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау талаптары кезекті рет күшейтілетінін жазғанбыз.