Тоғызқұмалақ чемпиондары ЖИ-ге қарсы ойнап жеңіліп қалды

Астанада тоғызқұмалақтан әлем чемпиондары мен жасанды интеллект арасында ойын өтті.
Адамзат ақылы мен цифрлық алгоритмді тоғыстырған зияткерлік бәсекеде Әлем чемпионадары Асылхан Қожанәсіп пен Аяна Исахан жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақтың классика түрінен сайысқа түскен. Олардың әрқайсысы бір ойыннан жеке кездесіп, нәтижесінде 2:0 есебімен жасанды интеллектке есе жіберді.
Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов адам мен технология арасындағы ой жарысы өтіп тұратынын атап өтті.
«Тарихқа қарасақ, 1997 жылы шахмат сияқты күрделі ойында Каспаровты компьютер жеңді. Алайда шахматты ойнауды ешкім тастап кеткен жоқ. Адамдар өзарасында үздіктерді анықтай береді. Ол – жарыс. Ал жаңа технология адамның мүмкіндігін ары қарай кеңейтіп, бірге өмір сүреді. Енді жасанды интеллектің алдында біздің Аяна мен Асылхан да қобалжыған шығар. Біз жанкүйер болып отырдық. Екінші жағынан біз бағдарламаның да жақсы болғанын қалап отырдық. Біз екі жағына да жанкүйер болдық десем болады»,- дейді Әлихан Байменов.
Тоғызқұмалақты жасанды интеллект көмегімен ойнаудың техникалық жағын жас новатор Абылай Нұрс жасаған.
Федерация цифрлық дәуірдегі тоғызқұмалақ пен ақылды машинаның арасындағы ойындар алдағы уақытта дами беретінін атап өтті.
Бұған дейін, Қазақ тіліндегі AlemLLM жасанды интеллекті шыққанын хабарлағанбыз.