Lifestyle

Қазақстанда жаңа көліктердің бағасы соңғы бір жарым жылда алғаш рет арзандады

Шілдеде жаңа көліктердің бағасы 1,8%-ға арзандады / Фото: kursiv.media архиві

2025 жылғы шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа жеңіл көліктердің бағасы маусыммен салыстырғанда 1,8%-ға арзандады. Осылайша 2024 жылдың сәуірінен бері алғаш рет айлық баға төмендеді. Бұл жайында Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

DATA HUB порталының мәліметінше, Қазақстанда жаңа автокөліктердің арзандауы сирек кездесетін құбылыс. 2016 жылдан бері мұндай жағдай небәрі төрт рет тіркелген. Бұған дейін бағаның төмендеу қарқыны бұдан да жоғары болған, атап айтсақ, орта есеппен 3,6%-ды құрады.

Шілдедегі арзандау ішкі автокөлік өндірісінің салыстырмалы түрде тұрақты көлемі аясында орын алған. Қаңтар-шілде аралығында елімізде ай сайын орта есеппен 10,8 мың жеңіл көлік шығарылған. Өндірістің ең жоғары көлемі 2024 жылғы желтоқсанда тіркеліп, сол айда 20,6 мың көлік құрастырылған.

Сонымен қатар, биылғы жылдың алғашқы бес айында (қолжетімді кедендік статистика негізінде) шетелден жеңіл көлік импорты жоғары деңгейде сақталып, айына орта есеппен 15,5 мың автокөлік әкелінген.

Шілде айындағы бағаның төмендеуі жылдық динамикаға да әсер етті. Егер маусымда жаңа көліктердің бағасы жылына 21,3%-ға өскен болса, шілдеде бұл көрсеткіш 17,5%-ға дейін баяулады.

Ал жүрілген автокөліктерге келсек, олардың бағасы шілдеде маусыммен салыстырғанда өзгерген жоқ. Алайда жылдық есеп бойынша 2,1%-ға арзандағаны байқалды.

Дегенмен маусым айында Қазақстанда жеңіл автокөліктердің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға өсті. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.