
25 тамызға дейін жоғары оқу орнына (ЖОО) оқуға түсу үшін құжаттарды қабылдау жалғасып жатыр. Құжаттар мемлекеттік грант және ақылы негізде оқу үшін қабылданады. Қызметті онлайн түрде электрондық үкімет порталы eGov арқылы немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы алуға болады.
Қызметті қалай онлайн алуға болады?
- ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы eGov-қа кіру қажет (мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті).
- «Қызметті онлайн сұрау» батырмасын басып, өтінімді толтыру қажет.
- Өтінім жіберілгеннен кейін, жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен өңделу мәртебесі туралы хабарламаны бақылауға болады.
Онлайн құжат тапсырғанда қосымша ЖОО-лардағы жатақханамен қамтамасыз ету, тегін тамақтандырумен қамтамасыз ету (қамқорлықтағы немесе ерекше санаттағы азаматтарға) қызметтеріне өтініш беруге болады.
Қажетті құжаттар тізімі (онлайн тапсыру үшін):
- Электронды өтінім (ЭЦҚ-мен қол қойылған).
- Жалпы орта білім туралы құжаттың электрондық көшірмесі (ақпараттық жүйеде болмаған жағдайда).
- 3х4 цифрлы фотосурет.
- 075-У үлгісіндегі медициналық анықтама (электронды нұсқада).
- ҰБТ сертификаты.
- Білім грантының электрондық куәлігі (бар болған жағдайда).
- ЖСН, жеке куәлік, диплом, медициналық анықтама және басқа деректер ЭЦҚ арқылы автоматты түрде мемлекеттік дерекқорлардан алынады.
Маңызды: 10-25 тамыз аралығында талапкер ЖОО-ға барып, құжаттардың түпнұсқасын тапсыруы және оқуға қабылдау туралы шартқа қол қоюы қажет.
Құжаттарды ЖОО қабылдау комиссиясына барып та тапсыруға болады. Ол үшін:
- ЖОО басшысының атына еркін түрде жазылған өтініш.
- Білім туралы құжаттың түпнұсқасы (және көшірмесі).
- Жеке куәлік (немесе цифрлық құжат).
- 3х4 өлшеміндегі 6 фотосурет.
- 075-У үлгісіндегі медициналық анықтама.
- ҰБТ сертификаты.
- Егер талапкер шығармашылық немесе арнайы даярлықты талап ететін бағдарламаға түссе – ведомостан үзінді.
- Грант иегерлері үшін – грант туралы куәлік.
- Арнайы санаттағы азаматтар (мүгедектігі бар, жетім балалар және т.б.) жеңілдік алуға құжаттар ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ талапкерлер тек өздерінің ҰБТ сертификатындағы бейіндік пәндерге сәйкес келетін білім беру бағдарламалары топтарын ғана таңдай алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін грант алған оқушылар сертификатты қайдан ала алатынын жазған едік.