
OpenAI компаниясы бейсенбі күні өзінің жаңа флагмандық жасанды интеллект моделі – GPT-5 технологиясын таныстырып, оны миллиондаған ChatGPT қолданушысына қолжетімді етті.
Компания өкілдері жаңа модельді ChatGPT-тің бұрынғы нұсқаларымен салыстырғанда «ерекше жаңарту» деп атады. GPТ-5 енді жылдамырақ, дәлірек және жалған ақпаратты азырақ береді.
OpenAI бас директоры Сэм Альтманның айтуынша:
«GPT-5 – бұл алғаш рет кез келген тақырып бойынша PhD деңгейіндегі сарапшымен сөйлескендей әсер қалдыратын жүйе. Айқын да, жасырын да жақсартулармен ерекшеленеді».
GPT-5 – ойлау қабілеті жақсартылған алғашқы ашық модель
OpenAI бұрын GPT-4 сияқты модельдерді жетілдіріп келсе, GPT-5 – ChatGPT-тің тегін нұсқасында алғаш рет «ойлау қабілетін» қолданатын модель болды. Бұл жүйе күрделі тапсырмаларға бірден жауап бермей, алдын ала ойланып барып шешім қабылдайды.
OpenAI вице-президенті Ник Терли:
«Көпшілік үшін GPТ-5 – алғаш рет «ақылмен ойланатын» жасанды интеллектпен танысу. Ол нақты қашан ойлану керек екенін біледі».
Компания GPТ-5 моделінің адамға ұқсас әсер қалдыратынын айтып, оның көмегімен тіпті техникалық білімі жоқ адамдар да қысқа мәтіндік тапсырмалар арқылы қарапайым қосымшалар жасай алатынын мәлімдеді. Мысалы, бір инженер жүйеге француз тілін үйрететін онлайн-қосымша жасауды сұрағанда, GPT-5 оны бірнеше минутта жасап берді.
OpenAI осы аптада екі басқа жасанды интеллект моделін ашық кодпен зерттеушілер мен бизнеске тегін ұсынатынын да жариялады. Бұл компанияның үш жыл ішінде алғаш рет өз технологиясын ашық түрде бөлісуі.
Бұдан бөлек, OpenAI айына 20 доллар тұратын қосымша мүмкіндіктері бар ChatGPT Plus нұсқасын ұсынады және өз жасанды интеллект технологияларын бизнес пен бағдарламашыларға сатады.