
Beeline қожайыны – халықаралық Veon Ltd. телекоммуникация компаниясы Қазақстанда спутник байланысын ұсыну арқылы қызмет сапасын арттыруды көздейді. Ол үшін Starlink компаниясымен байланыс орнатқысы келеді. Бұл туралы Veon бас директоры Каан Терзиоглу Bloomberg-ке сұхбатында мәлімдеді.
Спутник байланысы деген не
Құрлықтағы байланысқа қосылмаған шалғайдағы жерлер спутник байланысын қолдана алады. Ол АҚШ секілді мобильді желісі дамыған елдерде де қолданылады. Мәселен, T-Mobile US Inc. пен Starlink қызметін өткен айдан бері тұтынушылардың бәрі пайдалана алады.
«Жер аумағы жөнінен әлемдегі тоғызыншы ел – Қазақстанды құрлықтағы желімен толық қамтамасыз ету мүмкін емес», – деп мәлімдеді Каан Терзиоглу.
Veon-ның Украинадағы елшілес мекемесі «Киевстар» құрлықтағы желіге қосылмаған өңірлерге ғарыш байланысын ұсынуды көздеп отыр. Төртінші тоқсанға арналған жоспар осындай.
Терзиоглудың айтуынша, Veon Starlink-пен ғана емес, басқа да ғарыш операторларымен байланыс орната алады. Олардың арасында Eutelsat SA компаниясының OneWeb қызметі де бар. Бұған дейін топ-менеджер Veon осындай қызметті Пәкістан, Бангладеш және Өзбекстанға да ұсынуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Банк лицензиясы және финтех
Терзиоглудың мәлімдеуінше, Veon Қазақстанда қаржы технологиясы қызметтерін де көрсеткісі келеді. Банк лицензиясын алу үшін қадағалаушы мекеменің тіркеу жұмыстарын жеңілдетуін күтеді.
«Тағы бір ойыншы үшін нарық айтарлықтай кең. Біз қуана-қуана өз үлесімізді аламыз», — дейді Терзиоглу.
Топ-менеджер Veon-ның Қазақстанда тұтынушылар базасы жеткілікті екенін айтып отыр. Оның Beeline қызметі ауқымы жағынан республикадағы екінші ірі мобильді байланыс операторы. Бірінші орында «Кселл» тұр.
2025 жылғы маусымда Starlink ресми түрде Қазақстанға келгені мәлім болды. Оның спутник терминалдары биыл күзде елде сатыла бастайды. Үкімет Илон Масктің компаниясымен спутник интернетін тарату барысында жергілікті заңнаманы сақтау жөнінде келісімге отырған.
Қазақстандағы Beeline VEON құрамына кіреді. Акциялары NASDAQ биржасында саудаланатын компания 160 млн қолданушыға байланыс қызметін ұсынып отыр.