Бұрынғы шенеунік Астанада 7,4 млрд теңгеге ағылшын мектебін салып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары жаңа кампус құрылысын бастады / фото: ardingly.edu.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары жаңа кампус құрылысын өзіне тиесілі компанияға тапсырды / фото: ardingly.edu.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Астана қаласында Ardingly Astana кампусының құрылысы басталды. Ол – Ardingly College ағылшын мектебінің Қазақстандағы филиалы. Білім ордасы ішінара Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Сапарбек Тұяқбаевқа тиесілі. Мәлімет Астана халықаралық биржасы (AIX) сайтында жарияланды.

Rise Capital құрылыстың бас мердігері болып тағайындалды. Компания кампус құрылысын 2026 жылғы 15 тамызға дейін аяқтауы тиіс. Келісімшарт құны – 7,4 млрд теңге. Оған 12% қосылған құн салығы да кіреді.

Қаражат Ardingly Astana-ның таза активінен 5%-ға асып тұр. Сол себепті келісім туралы мәлімет 7 тамызда AIX-те жарияланды.

eGov.kz мәліметінше, Ardingly Astana мектебі Сапарбек Тұяқбаевқа, Нұрлан Құрақбаев пен Әсел Сүгірбаеваға тиесілі.

2019-2020 жылдары Тұяқбаев Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Оған дейін Kazakh Invest пен Инвестиция жөніндегі комитетті басқарған. Ал 2012-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Құрақбаев – Rise Group басшысы. Әсел Сүгірбаева Kazakh Invest-тің басқарушы директоры болған.

Құрылыс жобасын алған Rise Capital та Сапарбек Тұяқбаев пен Нұрлан Құрақбаевқа тиесілі. Бұдан шығатын қорытынды – Тұяқбаев кампус құрылысын өзінің компаниясына тапсырған. Бірақ жоба Kazakh Invest қолдауымен жүзеге асып жатыр. Оны ұлттық компанияның өзі 2025 жылғы маусымның басында хабарлаған.

Кампус 1 мың оқушыға арналған. Онда озық оқу сыныптары, музыка, театр және цифрлы технология бөлмелері, сонымен бірге ғылыми зертхана, спорт нысандары мен жатақхана орналасады. Оқу ағылшын тілінде, Кембридж бағдарламасы бойынша жүреді. Сол арқылы түлектер A-Level емтиханына дайындалады.

Ardingly College 1858 жылы құрылған. Ол ең мықты он ағылшын мектептерінің, A-Level бойынша үздік 50 білім мекемесінің тізіміне кіреді. Kazakh Invest осылай деп хабарлаған.

Бұған дейін Kursiv.Media жаңа кампус құрылысы үшін Ardingly Astana 4,9 млрд теңгенің облигациясын AIX биржасына орналастырғанын жазған.

Мектеп 2024 жылғы қыркүйекте Астана қаласында ашылған. Қазіргі кампуста 240 бала оқиды.

Сондай-ақ оқыңыз