
8 тамыз, жұма күні Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта нарығында айтарлықтай өзгеріс болмады. АҚШ валютасы бүгін бар болғаны 0,25 теңгеге нығайды.
KASE-нің сағат 15.30-дағы мәліметінше, 1 доллар 539,49 теңге тұрады. Құрама Штаттар валютасы болмашы ғана нығайды. Доллар мен теңге итжығыс түсті деуге болады.
Аптаның соңғы жұмыс күні, сағат 15.30-дағы нәтиже бойынша, шамамен 64 млрд теңгеге, яғни 119 млн долларға валюта саудасы жасалды. Ерекше көзге түсетін көрсеткіш болмағандықтан, Ұлттық банк валюта саудасына араласып жатқан жоқ екенін түсінеміз.
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер көк қағазды 540 теңгеден сәл ғана жоғары бағаға саудалап жатыр. Ал ақша айырбастау мекемелері Құрама Штаттар валютасын 545 теңгеден қабылдайды.
Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласында 1 доллар 540,5 теңгеден қабылданып, 541,5 теңгеден сатып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 538 және 545.