Трамп пен Путин дүйсенбі күні Римде кездесуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: shutterstock
Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин 11 тамызда Римде кездесуі мүмкін. Fox News телеарнасы осындай мәлімет таратты.

Телеарна мәліметінше, Трамп пен Путин арасындағы саммит келесі аптада өтуі мүмкін. Келіссөздерге қатысы бар екі дереккөздің айтуынша, президенттердің жүздесуін дүйсенбі күні ұйымдастыру жоспарда бар. Бұған қоса, дереккөздер саммит өтетін орынның бірі деп Рим қаласын атаған.

Кездесу апта аяғында өтер болса, Рим ыңғайлы орын ретінде белгіленген. Дегенмен Еуропа мен әлемнің басқа да елдері қарастырылып жатыр.

FOX News мәліметінше, саммит өтпей қалуы да ғажап емес. Себебі Украина президенті Владимир Зеленский Құрама Штаттарға бейбіт келісім аясында бір пұшпақ жерді де Ресейге бергісі келмейтінін мәлімдеген. Себебі мұндай аса маңызды шешімді украин парламенті ғана қабылдай алады.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп пен Зеленский Ватиканда кездескен. Ол Рим қаласының аумағында орналасқаны мәлім.

Алайда Ресей тарапы телеарна мәліметін растамай отыр. Италияның Мәскеудегі елшілігі РБК агенттігіне Путин мен Трамп Римде кездеседі деген ақпаратты растамады. ТАСС  агенттігі де саясаткерлер Римде кездеспейді деп хабарлаған. Федералдық агенттік өз дереккөздеріне сүйенген.

Тағы бір маңызды жайт, 8 тамызда Путин Қазақстан, Өзбекстан және Қытай президенттерімен телефон арқылы сөйлесті. Оның үстіне, бүгін Трамптың Ресейге ультиматум мерзімі аяқталатын күн. Ақ үй қожайыны осы уақытқа дейін Украинамен арада атыс тоқтамаса, Ресейден мұнай мен газ сатып алып отырған елдерге қосымша 100% баж салығын салам деп қорқытқан.

Сондай-ақ оқыңыз