Жаңалықтар

Тендерге қатысатын құрылыс компанияларына талап күшейді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алымға қатысатын құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесін бақылауды күшейтті. Жаңа талап тамыздың екінші жартысында күшіне енеді. Бұл туралы осы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мәліметке қарағанда, Қаржы министрлігі тиісті бұйрықты 6 тамызда қабылдаған. Құжат құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесін растаудың тың тәсілдерін енгізуді көздейді. Олар:

  • Тапсырыс беруші үкіметтік емес заңды тұлғалар болып саналатын әрі бюджеттен тыс жобалар бойынша техникалық жағынан күрделі нысандар бойынша тәжірибені есепке алу (ақпарат «Мемсараптама» РМК жүйесі арқылы расталады);
  • Есепке алынатын нысандардың санын шектеу – қатысушының баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарт ретінде тәжірибені бағалау кезінде жылына үш нысаннан аспауы тиіс;
  • Мемлекеттік инвестициялар есебінен ғана қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің нысандары бойынша тәжірибені растау (сараптама қорытындысында көрсетіледі);
  • Квазимемлекеттік сектордың нысандары бойынша қосымша талаптар: расталатын құжаттардың қатарында хабарлама талоны мен сараптама қорытындысы талап етіледі.

Қаржы министрілігінің бұйрығы ресми жарияланған (zan.gov.kz)  сәттен бастап он күннен соң күшіне енеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы ақпанның аяғында премьер-министрі Олжас Бектенов BI Group, BAZIS секілді ірі компаниялар салықтан жалтарды деп айыптаған. Көп уақыт өтпей құрылыс компаниялары бюджетке қосымша салық төлегені мәлім болған.