Жаңалықтар

Украина төңірегіндегі келіссөздер мұнай құнын түсіріп жіберді

Фото: azh.kz
Фото: azh.kz

Осы аптада мұнай бағасы 5%-ға арзандады. Өйткені қара алтын саудасымен айналысатын трейдерлер АҚШ-тың Украинадағы соғысты аяқтау талпынысы мұнай тасымалына кері әсер етпейді деп шешті. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

Вашингтон Ресейден шикі мұнай сатып алғаны үшін Үндістанға салық салғанына қарамастан, мұнай құны түсіп жатыр.

Reuters мәліметінше, жұма, 8 тамыз күні таңертең мұнай Азиядағы сауда барысында қара алтын бағасы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Дегенмен апта қорытындысы бойынша, мұнай құны маусым айындағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда арзандағанын көріп отырмыз.

Brent маркалы мұнай фьючерстері 4%-ға арзандап, бір баррелі шамамен 66 доллар болды. Америкалық West Texas Intermediate маркалы мұнай бір аптада 5%-ға арзандады. Қазір ол 63,82 доллар тұрады.

Экономикасы мұнай мен газ экспортына ішінара тәуелді Қазақстан шикізат құнын белгілеген уақытта әлем нарығындағы бағаға сүйенеді.

7 шілдеде АҚШ-тың бірқатар сауда әріптестеріне қатысты жоғары тарифтері күшіне енді. Ол да мұнайдың арзандауына түрткі болды. Өйткені баж салығы экономикалық белсенділікті төмендетіп, мұнайға сұраныс азаяды.

Өткен аптада ОПЕК+ елдері қыркүйекте мұнай өндірісін арттыру жөнінде тағы бір шешім қабылдаған. Оның да мұнай бағасына кері әсері болды.

Бір күн бұрын Кремль АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездесетінін растады. Осының өзі мұнай нарығына қысымды күшейте түсті. Украинадағы соғыс аяқталуы мүмкін.

Дегенмен келіссөздердің қаншалықты сәтті аяқталатыны әзірге белгісіз. 8 тамызда, яғни бүгін Трамптың Ресейге ультиматум мерзімі аяқталады. Тәулік соңына дейін Ресей шешімді қадам жасамаса, Ақ үй одан мұнай сатып отырған Қытай секілді елдерге қосымша 100% баж салығын енгізуі мүмкін. Сол кезде мұнай бағасы қайтадан көтеріледі.