
Қытайдың Бэйхай қаласында BYD Song Plus электромобиліне қатарынан үш мәрте найзағай түсті. Оқиға жанындағы көліктің камерасына түсіп қалған. Онда найзағайдың жарқ етіп, көліктің төбесіне дәл тигені анық көрінеді. Сол сәтте көлік ішінде болған жүргізуші дін аман қалған.
Carnewschina хабарлауынша, BYD дилерлік орталығының мамандары тексеріс жүргізіп, аккумулятор, басқару жүйесі мен қозғалтқыштың зақымданбағанын анықтады. Кроссовердің төбесінен найзағайдың екі ізі табылғанымен, шанаққа айтарлықтай зақым келмеген.
Мамандардың түсіндіруінше, BYD көлігінің металл шанағы найзағай түскен кезде «фарадей торы» тәрізді әсер береді. Яғни найзағайдың электр тоғы көліктің сыртымен өтіп, жерге тарайды, ал жолаушыларға зиян тимейді. Мұндай жағдайда көліктен бірден шықпай, кәсіби мамандардан көмек сұраған жөн.
Дауыл кезінде көлік жүргізушілеріне барлық электронды құрылғыларды, оның ішінде қозғалтқыш пен аудиожүйені өшіру ұсынылады. Сондай-ақ антенналарды алып тастап, терезелерді мықтап жауып, салонның толық герметикалануын қамтамасыз ету қажет. Егер өрт шығу қаупі болмаса, найзағай басылғанша көліктің ішінде қалған дұрыс. Соңғы найзағай дауысынан кейін көліктен шығу үшін кем дегенде 30 минут күту ұсынылады.
Айта кетейік беделді J.D.Power агенттігінің қытайлық бөлімшесі 2025 жылға арналған «ең ақылды» автомобиль брендтерінің рейтингін жариялады. Брендтердің арасында BYD да бар.