Қазақстандықтар некеге тұрудың басты себептерін атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстандықтар үшін ақша мен жүктілік енді неке құруға себеп емес / Фото: kursiv.media архиві 

Қазақстанда некеге тұрушылардың саны артып келеді. 2024 жылы 123,6 мың неке тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Ranking.kz мәліметінше некелер саны бойынша Алматы көш бастап тұр, онда 13,7 мың жұп шаңырақ құрған. Одан кейін Түркістан облысы (12,1 мың) мен Астана (10,9 мың). Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген, бұл өңірде бар болғаны 1,5 мың жұп некелескен.

Қазақстандықтар ең жиі некеге отырған ай шілде (13,7 мың той), ал ең аз неке қиылған уақыт  мамыр (8,5 мың неке) айы болып шықты.

Қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу бойынша, қазақстандықтар үшін отбасын құрудың басты себебі — махаббат. Сауалнамаға қатысқандардың 59,9%-ы осы сезімді неке құруға түрткі болған негізгі фактор деп атаған. Екінші орында — көзқарас пен қызығушылықтардың ұқсастығы (17%), үшінші орында — бала сүю ниеті (10,7%).

«Қоғамда некеге деген көзқарас өзгеріп жатыр, бірақ оның негізі сол қалпында – эмоциялық және құндылықтық жақындық. Көптеген қазақстандықтар үшін неке – жай ғана формалдылық емес, сезім мен өзара түсіністікке құрылған саналы одақ», – деп мәлімдеді Қоғамдық даму институты.

Ал материалдық себептердің маңызы әлдеқайда төмен, мәселен, сауалнамаға қатысқандардың тек 5%-ы ғана қаржылық жағдайды жақсарту үшін некеге тұратынын айтқан. Ал 1,9%-ы некені қиындықтан шығудың жолы ретінде қарастырады. Тек 1,2%-ы жоспарланбаған жүктілікті неке құру себебі деп көрсеткен.

Респонденттердің 44,9%-ы үшін отбасы – ең алдымен махаббат пен бақыт, 41,7%-ы үшін – ұрпақ жалғастыру, ал 40,7%-ы үшін – өмірдің мәні.

Әлеуметтік желі қолданушылары мен кей пабликтер «16 қыркүйектен бастап ажырасу рәсімі жеңілдейді» деген ақпарат таратып жатыр. Онда енді тараптар бір жақты ажыраса алатыны, бұл сот жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдететіні айтылады. Алайда бұл олай емес. Әңгіме «Неке және отбасы туралы» кодекске енген өзгерістен шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз