
Денсаулық сақтау министрлігі міндетті профилактикалық екпе егу ережесіне өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасын жариялады.
Не өзгереді
«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатқа сәйкес, елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, министрлік адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация алуы тиіс азаматтардың санатын арттыруды ұсынып отыр.
Түсіндірме жазбада бұл бастама аталған вируспен байланысты онкологиялық аурулардың өршу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретіні айтылған. АПВ-ға қарсы екпе жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісік түрлерінің қаупін азайтатыны ғылыми түрде дәлелденген.
Бұдан бөлек, бірқатар ауруларға қарсы вакцинация кестесін өзгерту ұсынылып отыр. Олар:
- көкжөтел,
- дифтерия,
- сіреспе,
- b типті гемофильді инфекция,
- полиомиелит,
- В вирусты гепатиті.
Бұл өзгерістер бір жасқа дейінгі балаларға қатысты болады. Сондай-ақ көкжөтелге қарсы вакцина енді 16 жастағы жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге де егіледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік URTG зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда екпеге қатысты қоғам көзқарасы екіге бөлінген. Зерттеу орталығы сауалнама жүргізген респонденттердің 51%-ы Ұлттық күнтізбеге сәйкес екпе алғанын және алатынын мәлімдесе, сұралғандардың 47,5%-ы екпе алуды жоспарламайтынын мәлімдеген.