
Вашингтонда Армения мен Әзербайжан арасында келісім жасалды. Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екі ел арасындағы бейбітшілікті орнатуға бағытталған декларацияға қол қойды. Рәсімге АҚШ президенті Дональд Трамп қатысты, деп хабарлайды BBC.
Құжат тараптардың толыққанды бейбітшілік келісіміне қол жеткізуге ұмтылатынын растайды. Екі елдің сыртқы істер министрлері келісім мәтінін алдын ала мақұлдап, оның негізгі ережелерін бекітті. Декларацияда келісімге қол қою және оны ратификациялау үшін алдағы қадамдардың маңыздылығы, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылықты нығайтудың қажеттігі атап өтілген.
Келісімнің негізгі тармақтарының бірі көлік дәліздерін ашу болды. Атап айтқанда, Әзербайжанның негізгі аумағын Нахичевань эксклавымен Иран шекарасы бойындағы Армения аумағы арқылы байланыстыратын бағытты құру көзделіп отыр. Бұл дәліз АҚШ-қа 99 жылға беріледі және «Трамп бағыты» деп аталатын болады.